Қазақстанда жүргізуші куәлігіне теориялық емтиханды онлайн тапсыру ұсынылды

90


Munarmedia.kz.20.10.2026.ASTANA- жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды қашықтан тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Жаңа бастама жүзеге асса, азаматтар жол қозғалысы ережелері бойынша тестті арнайы ХҚКО-ға бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта тапсыра алады. Бұл емтихан орталықтарындағы бос орынға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Әзірге бастама пысықталу үстінде. Онлайн емтиханның қашан іске қосылатыны және тест тапсырушының жеке басы мен емтиханды өз бетінше орындауын қалай тексеретіні нақтыланбаған.

Өзгеріс тек теориялық емтиханға қатысты. Көлік жүргізу дағдысын тексеретін практикалық емтиханның қашықтан тапсырылатыны туралы ақпарат жоқ. Жаңа тәртіп ресми бекітілгенге дейін қолданыстағы талаптар сақталады.


#Қазақстан #ЖүргізушіКуәлігі #Цифрландыру #ЖолҚозғалысы #Munarmedia