Munarmedia.kz 02.08.2026. ASTANA 2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстан шетелге 88,6 мың тонна жүгері экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 мың тоннаға немесе 20,5 пайызға артық.
Экспорттың айтарлықтай өсімі, әсіресе, Ауғанстан бағыты бойынша тіркелді. Есепті кезеңде бұл елге 25,5 мың тонна жүгері жөнелтіліп, жеткізілім көлемі 34,6 есеге ұлғайған.
Қазақстандық жүгерінің негізгі импорттаушысы Тәжікстан болды. Бұл елге 43,3 мың тонна өнім экспортталып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға артқан.
Бұдан бөлек, қазақстандық жүгері Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей және Беларусь нарықтарына да жеткізілді.
Сонымен қатар, 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанға 18,6 мың тонна жүгері импортталған. Бұл 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 2,2 есе көп.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені экспортының өсуіне оң ықпал етуде.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 7 млрд АҚШ долларына жеткен болатын. Ал биылғы жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 7,2 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде.
#MunarMedia #ASTANA #Қазақстан #Жүгері #Экспорт #Ауғанстан #Тәжікстан #АӨК #АуылШаруашылығы #Экономика