АСТАНА. 2 шілде. Munarmedia.kz – Тәжікстанда президент Эмомали Рахмоннің билікті ұлы – Рустам Эмомалиға беру процесіне дайындық қарқын алғаны туралы сарапшылар пікір білдіруде. Олардың бағалауынша, бұған соңғы парламенттік сайлау, мемлекеттік аппараттағы кадрлық өзгерістер, ықпалды саяси топтар мен оппозицияға қатысты қысымның күшеюі, сондай-ақ Рустам Эмомалидің халықаралық деңгейдегі белсенділігі дәлел бола алады.
Сарапшылардың пікірінше, билік транзитіне байланысты негізгі тәуекелдердің бірі – Тәжікстан экономикасындағы Қытайдың ықпалының бұрынғыдан да күшеюі.
Мамандардың бағалауынша, мұндай үрдіс ел экономикасының Қытайға тәуелділігін арттырып, ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тереңдеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар бұл жағдай Ресейдің Тәжікстанмен көпжылдық әріптестігі мен инвестицияларынан күткен нәтижесіне де әсер етуі ықтимал.
Ашық деректерге сәйкес, 2025 жылы Қытайдың Тәжікстанға салған тікелей инвестициялары Ресей инвестицияларынан шамамен он есе көп болған. Сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі 2,849 млрд АҚШ долларына жетіп, Қытай Тәжікстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған. Осы кезеңде Ресеймен сауда көлемі 2,47 млрд долларды құраған.
Сарапшылардың мәліметінше, Тәжікстан экономикасына салынған қытайлық инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 6 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның 3,5 млрд доллары – компанияларды басқаруға қатысуға мүмкіндік беретін тікелей инвестициялар. Бұдан бөлек, елдегі барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 57 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі.
Қазіргі таңда Тәжікстанда қытай капиталы қатысатын 700-ден астам компания жұмыс істейді. Сарапшылар олардың алтын кен орындары, уран активтері және басқа да стратегиялық маңызы бар жобаларға қатысу үлесі артып келе жатқанын айтады.
Сонымен қатар 2026 жылдың мамыр айында Бейжің мен Душанбе арасында жалпы құны 8 млрд АҚШ долларын құрайтын жаңа келісімдерге қол қойылғаны хабарланды.
Саяси бақылаушылардың айтуынша, Рустам Эмомали 2025 жылдың мамырында Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездескен. Батыстық бірқатар сарапшылар бұл кездесуді Тәжікстандағы билік транзитіне дайындықтың бір бөлігі ретінде бағалады. Сонымен бірге Рустам Эмомали Қытайдың жоғары лауазымды өкілдерімен де тұрақты түрде байланыс орнатып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қытай инвестицияларына басымдық беру экономиканы жаңғырту мен құрылымдық реформаларды кейінге ысыру қаупін күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа қаржы ағындары экономиканы әртараптандыруға емес, қолданыстағы басқару жүйесін сақтауға және сыртқы қарыздарды өтеуге бағытталуы ықтимал.
Сондай-ақ қытайлық мердігерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігін шектеп, еңбек миграциясының өсуіне әсер етуі мүмкін деген пікірлер де айтылуда.
Ресейге қатысты ықтимал тәуекелдерге тоқталған сарапшылар жаңа саяси команда бұрынғы екіжақты келісімдерді қайта қарауға ұмтылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Ашық мәліметтерге сәйкес, Ресей соңғы жылдары Тәжікстан экономикасына елеулі қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, Сангтудин ГЭС-1 нысаны бойынша 298 млн АҚШ доллары көлеміндегі қарызды есептен шығарып, электр энергиясын жеткізу тарифтерін төмендеткен. Бұдан бөлек, Ресей энергетика, тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы салаларына 1,6 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Қазіргі уақытта Ресейдің 70-тен астам өңірі Тәжікстанмен тікелей сауда-экономикалық байланыс орнатқан.
Сарапшылардың бағалауынша, егер Тәжікстанның Қытайға экономикалық тәуелділігі одан әрі күшейе берсе, онда Ресейдің көпжылдық инвестициялық және саяси қолдауы күткендей нәтиже бермеуі мүмкін.
#Munarmedia #Тәжікстан #ЭмомалиРахмон #РустамЭмомали #Қытай #Ресей #ОрталықАзия #Геосаясат #Экономика #Инвестиция