Саясаттанушы Ғазиз Әбішев: Қазақстан мен Қырғызстан арасында жер алмасу мәселесі талқыланбайды

45

АСТАНА. 2 шілде. Munarmedia.kz – Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қырғызстан тарапынан Қазақстанмен шекарадағы жер телімдерін айырбастау жөнінде айтылған ұсыныстың жүзеге асу ықтималдығы төмен екенін мәлімдеді.

Еске салайық, 23 маусымда Асқат Алагөзов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Тоқмақ қаласы маңындағы мемлекеттік шекарада орналасқан 800 метрлік жол учаскесіне қатысты тең құнды жер телімдерін өзара айырбастау идеясын ұсынған болатын.

Оның айтуынша, мұндай шешім қабылданған жағдайда Қырғызстан Бішкек қаласындағы Алматы көшесінен Кемин қаласына дейін ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автожол салуға мүмкіндік алар еді.

Сонымен қатар Асқат Алагөзов бұл мәселе саяси алыпсатарлықтың нысанына айналмауы тиіс екенін атап өткен.

Ал Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан мұндай ұсынысты қолдамайды. Оның айтуынша, еліміздің мемлекеттік шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы Конституцияда бекітілген және бұл мәселелер қайта қарауға жатпайды.

Саясаттанушы жер мен мемлекеттік аумаққа қатысты мәселелер халықаралық қатынастардағы тұрақтылықтың негізгі кепілі екенін атап өтті.

«Бүгін бизнес өкілдері немесе шенеуніктер саясаткерлерді қалыптасқан жағдайды өзгертуге көндіруге тырысуы мүмкін. Ертең мұндай шешімдер болжауға келмейтін салдарға алып келуі ықтимал. Жер мен аумақ мәселесі – халықаралық тұрақтылықтың негізі. Бұл – талқыланбайтын мәселе», – деді Ғазиз Әбішев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара халықаралық құқық нормаларына сәйкес делимитацияланып, демаркацияланған.

#Munarmedia #Қазақстан #Қырғызстан #ҒазизӘбішев #Тоқмақ #Шекара #ЖерМәселесі #Саясат #ОрталықАзия