Тоқаев: Бізде нақты іс-қимыл жоспары бар және қайда бет алу керегін жақсы білеміз

59

АСТАНА. 28 тамыз. Munarmedia.kz – Қазақстан біртіндеп ғылымға, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға негізделген инновациялық даму жолына түсіп келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы отырысында айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдің инновациялық бағытқа көшу қарқыны қалаған деңгейде болмаса да, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.

«Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтарының әлеуетін дамытуға әрдайым басымдық береді. Біз білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрияны жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз. Мемлекет мақсатшыл, қабілетті және еңбекқор азаматтардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасауды жалғастырады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға еңбек пен өзін-өзі тәртіпке салудың өмірлік жетістікке жетудегі маңызын түсіндіру қажеттігін атап өтті.

Оның пікірінше, құқықтық нигилизм, әлеуметтік масылдық, көпсөзділік пен орынсыз сын елдің табысты дамуына кедергі келтіреді.

«Ұлттық сана тарихи шындыққа сүйенуі керек»

Мемлекет басшысы ұлттық сананы қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, халықтың тарихи жадын күмәнді деректермен және бұрмаланған мәліметтермен «уландыруға» болмайды.

«Біздің тарихымыз бен әдебиетіміз тек үздіксіз құрбандықтар, азап пен трагедиялар шежіресі емес. Әрине, біз тарихымыздың қайғылы және бетбұрысты кезеңдерін ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткерген қасіреті ұлттық болмысымыздың негізіне айналмауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұлттық тарихта жеңілістер мен сәтсіздіктермен қатар, айтулы жеңістер мен жетістіктер де болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, әлем тарихына, жекелеген халықтардың және өз ұлтының тарихына үстірт әрі біржақты көзқараспен қарауға болмайды.

«Біз өз тарихымызға өткеннің өкпе-ренішімен емес, ұлтымыздың жоғары мүдделерін айқын түсіну арқылы қарауымыз керек», – деді Президент.

Қазақстан – нақты өзгерістер аумағына айналды

Мемлекет басшысы бұл ұстанымдардың, ең алдымен, жас ұрпақ үшін маңызды екенін айтты.

Оның пікірінше, Қазақстан бүгінде қоғамдық өмірдің барлық саласын реформалауда жаңа, инновациялық тәсілдерді енгізіп жатыр.

«Бұл – мемлекеттік институттар мен экономиканы ғана емес, одан да маңыздысы, азаматтық сананы және ұлттың дүниетанымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды әрі жүйелі модернизация», – деді ол.

Президенттің айтуынша, соғыстар, дағдарыстар мен өзара сенімсіздік күшейген қазіргі әлем жағдайында Қазақстандағы жүйелі қоғамдық трансформацияның өзіндік ерекшелігі бар.

«Қазақстан реформалар жолына нық түсті және нақты өзгерістер аумағына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы реформалардың қарқынын сақтап, қол жеткізілген нәтижелерді бекіту үшін тарихи дамуға қатысты бірқатар көзқарасты өзгерту қажет екенін айтты.

«Қоғамымыз мифтердің орнына шындыққа сүйенуі, прогреске ұмтылуы, архаикаға ностальгия танытпай, ғылымды дамытуы, көпсөзділікті емес, іскерлікті бағалауы, шындықты қорғап, өтірікке тойтарыс беруі керек», – деді Президент.

«Біздің халықтың басты күші – бірлікте»

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірлік пен қоғамның жасампаздық рухын Қазақстанның басты стратегиялық артықшылығы деп атады.

Оның айтуынша, ел жаңа даму көкжиектерін іздеуге бағытталған қуатты әлеуетке ие.

«Біздің біртұтас халқымыз барлық тарихи сынақтардан абыроймен өтті. Енді ол өзінің қуатты энергиясын дамудың жаңа көкжиектерін іздеуге бағыттай алады және бағыттауы тиіс. Жатқан тасқа су жүрмейді. Бізді жетістікке жеткізетін нәрсе – жасампаздық пен еңбек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі әлемдегі ахуалдың күрделі әрі болжап болмайтын сипатқа ие екенін атап өтті.

Соған қарамастан, жаһандық тұрақсыздық пен өзара сенім тапшылығы жағдайында Қазақстан халықаралық беделін сақтап отырғанын айтты.

«Қазақстанның ұстанымына халықаралық саясатқа елеулі ықпал ететін жетекші әлемдік державалар құлақ асады», – деді ол.

Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық мүдделерді қорғау бағытындағы сыртқы саяси бағытын жалғастырып, бейбітшілік, достық және өзара тиімді әріптестік құндылықтарын ілгерілететінін жеткізді.

«Бізде нақты іс-қимыл жоспары бар»

Президент Қазақстанның прогрессивті мемлекет ретінде биік мақсаттарға ұмтылуы керектігін айтты.

«Бізде нақты іс-қимыл жоспары бар және қайда бет алу керегін жақсы білеміз. Ең бастысы – өз күшімізге сеніп, табанды еңбек етуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, ұлттық сананы қалыптастыру жұмыстары жалғасады.

Бұл ретте тарихи-мәдени мұраны жүйелі түрде мойындау және оны қоғамдық санада жаңғырту маңызды.

«Тарих – жол көрсететін жұлдыз, халықтың баға жетпес қазынасы», – деді Президент.

Мемлекет басшысы тарихи деректерді жалған даңқ пен ұлылық үшін бұрмалау дұрыс емес екенін атап өтті.

Оның пікірінше, кемелденген ұлт өткеннен сабақ алып, өз тарихын қастерлей отырып, болашаққа сеніммен қадам басуы керек.

Президент Абай айтқан «бес дұшпаннан» сақтануға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың өсиеттеріне тоқталып, әсіресе өсек, көпсөзділік және мақтаншақтық сияқты қасиеттерден арылу қажеттігін айтты.

«Бірінші кезекте біліммен қаруланып, ғылымға сүйеніп, тынымсыз еңбек етуіміз керек. Әйтпесе әлемдік прогрестің шетінде қалуымыз мүмкін. Бұған біз ешқашан жол бермейміз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент ел тарихын қалыптастырған тұлғалардың кез келген қиындыққа қарамастан Отан мүддесіне адал қызмет еткенін атап өтті.

Оның айтуынша, өркендеген мемлекет құру үшін осындай көрнекті тұлғалардың өмір жолы мен адамгершілік қағидаларын үлгі ету қажет.

«Бұл – патриотизмнің шынайы мәні», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтайдың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі күшейеді

Президент Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашатынын айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтай билік жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, Конституциялық соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтаймен келісу арқылы тағайындалады.

Құрылтай депутаттарына Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы сот судьяларын тағайындау және қызметтен босату құқығы берілген.

Сонымен бірге депутаттар Конституциялық және Жоғарғы сот судьяларынан, сондай-ақ депутаттардан құқықтық иммунитетті алып тастау мәселесін шешуге өкілетті.

Заң шығарушы орган Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді және Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Бұдан бөлек, депутаттардың Үкіметке сенімсіздік білдіруге және Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату жөнінде ұсыныс енгізуге құқығы бар.

«Бір сөзбен айтқанда, Құрылтайға атқарушы және сот билігінің тармақтарын қалыптастыруға, сондай-ақ ел тағдыры үшін шешуші маңызы бар стратегиялық мәселелерді шешуге кең өкілеттік берілді. Осылайша біз заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуды білдіреді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

#Munarmedia #ASTANA #Астана #Қазақстан #Тоқаев #Құрылтай #Президент #ҰлттықСана #Реформа #Ғылым #ЖасандыИнтеллект #Цифрландыру #Еңбек #Жастар #МемлекеттікБасқару #ҚазақстанРеформалары