Munarmedia.kz.29.08.2026.ASTANA – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай үндеу жасап, ядролық қаруға ие мемлекеттерді келіссөздерге қайта оралуға шақырды.
Президент өз үндеуінде осыдан тура 35 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі ұстанымы өзгермегенін және еліміз ядролық қаруды таратпау мен сынақтарға жол бермеу бағытындағы халықаралық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы ядролық державалар арасында келіссөздерді қайта жандандырудың маңызын атап өтті.
«Біз ядролық державалар арасында келіссөздер жүргізуге, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне және ядролық қаруды қолдану қаупін жою мақсатындағы батыл көпжақты іс-қимылдарға шақырамыз», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергиясы тек бейбіт мақсатта пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті.
Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы ұстанымы Семей ядролық полигонының тарихымен тығыз байланысты. Кеңес дәуірінде полигонда жүздеген ядролық сынақ жүргізіліп, оның зардабы өңір халқы мен қоршаған ортаға ұзақ мерзімді әсер етті.
1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Кейін бұл дата Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде белгіленді.
Қазақстан бүгінде ядролық қарудан азат әлем құру идеясын халықаралық деңгейде ілгерілетіп келеді.
#Munarmediakz #Астана #Қазақстан #ҚасымЖомартТоқаев #ЯдролықҚарусыздану #СемейПолигоны #ЯдролықҚару #ЯдролықСынақ #БҰҰ #ХалықаралықҚауіпсіздік #Бейбітшілік #Қазақстан30жыл