Трамп: Венесуэла мұнайы АҚШ-тың «олжасы» деді

6

Munarmedia.kz  07.08.2026. ASTANA   АҚШ президенті Дональд Трамп Невада штатындағы Лас-Вегас қаласының маңында сөйлеген сөзінде Венесуэла мұнайын АҚШ-тың «олжасы» деп атады.

Ақ үй басшысының айтуынша, АҚШ Венесуэла мұнайынан әскери операцияға жұмсалған шығыннан «бірнеше есе көп» табыс тапқан. Сонымен қатар кейбір мәліметтерге сәйкес, мұнай сатудан түскен 13 миллиард доллардан астам қаражат Вашингтонның бақылауындағы шоттарда жинақталған.

Трамп өз сөзінде Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстауға бағытталған операцияны да еске алып, оның өте қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылғанын айтты.

АҚШ президенті бұл әрекеттерді «ескі тәсілмен жүргізілген соғыс» деп сипаттап, «барлық олжа жеңімпазға тиесілі» деген пікірін білдірді.

Сонымен қатар Трамптың бағалауынша, АҚШ пен Венесуэла бірге әлемдегі мұнай мен газ қорының шамамен 60 пайызын бақылайды.

Бұл мәлімдемелер Трамптың жуырда Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты ретінде бейнелейтін суретті жариялауынан кейін айтылды.

Айта кетейік, жоғарыдағы мәлімдемелер АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзіне негізделген. Венесуэла билігі бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымын жариялаған жоқ.