Munarmedia.kz 05.07.2026. ASTANA – Жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыруға жүргізілген аудит барысында 13 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, жекеменшік мектептермен есеп айырысу жүйесін цифрландырудың нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында 59,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген.
Сондай-ақ, 2025 жылы 785 жекеменшік мектеп 76 млрд теңге көлемінде қаржыландырылып, жоспарланған шығыстармен салыстырғанда 8 млрд теңге үнемделген.
Алайда аудит барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда:
оқушы орындарының тапшылығы жоқ өңірлерге 1,8 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген;
оқушылар санын негізсіз көбейту фактілерінен 261 млн теңге көлемінде заңсыз қаржыландыру анықталған;
мектептерді қайта жаңғырту кезінде құжаттарды қолдан жасау деректері тіркелген.
Тексеру нәтижесінде 41 мектепте 1,2 мыңнан астам оқушының жалған тіркелгені белгілі болды.
Сонымен қатар мемлекеттік қаржыландыру алған 145 жекеменшік мектептің оқу процесі білім беру мақсатында пайдалануға арналмаған ғимараттарда ұйымдастырылған. Олардың қатарында коттедждер, кеңсе ғимараттары мен өндірістік цехтар бар.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай талаптарға сәйкес келмейтін жекеменшік мектептер мемлекеттік білім беру тапсырысын ала алмайды.
#ЖекеменшікМектеп #Білім #Аудит #ҚаржыМинистрлігі #ДәуренТемірбеков #Қазақстан #Munarmedia