Жизақтағы АЭС құрылысының құны 9,5 миллиард долларды құрайды

50

Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA  Өзбекстанның Жизақ облысында атом электр станциясын салу жобасы белсенді құрылыс кезеңіне өтті. Құрылыс жұмыстары 4 маусымда басталған. Қазіргі уақытта реактор орналасатын қазаншұңқыр дайын, құрылыс алаңында 450 адам және 100-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі 9,5 миллиард долларға бағаланып отыр. Өзбекстан Президенті құрылыс барысында жергілікті өндірістің үлесін 21 пайыздан 30 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Ал инфрақұрылым нысандарын салу кезінде отандық өнімнің үлесін 60–70 пайызға жеткізу көзделген.

Фариш ауданында аумағы 200 гектар болатын өнеркәсіптік аймақ құрылады. Мұнда кәсіпкерлерге салық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. АЭС маңында 33 мың тұрғынға арналған атом энергетикасы мамандарының қалашығы да бой көтереді.

Жобаның техникалық қадағалауы мен тәуелсіз сараптамасын жетекші шетелдік компанияларға тапсыру жоспарланған.

Атом электр станциясында РИТМ-200Н шағын реакторлары мен дәстүрлі ВВЭР-1000 реакторлары қатар қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл технологияларды бір нысанда біріктіретін әлемдегі алғашқы жоба болмақ.

#АЭС #Жизақ #Өзбекстан #АтомЭнергетикасы #Энергетика #АтомЭлектрСтанциясы #РИТМ200Н #ВВЭР1000 #Құрылыс #Инвестиция