Астрахан ауданында алтын өндіру фабрикасы пайдалануға берілді

62


16.06.2026. ASTANA. Munarmedia.kz – Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Жалтыр ауылында «Ақбеит» кен орнының базасында алтын өндіру фабрикасы іске қосылды. Өндірістік нысан сингапурлық инвесторлардың қатысуымен Aina Resources компаниясы тарапынан қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов аудан тұрғындарын маңызды өндірістік жобаның іске қосылуымен құттықтады.

Оның айтуынша, бұл жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Жобаны жүзеге асыру барысында өндірістік инфрақұрылым толық жаңғыртылды. Шахта оқпаны қайта қалпына келтіріліп, заманауи Mitsubishi көтергіш жабдығы орнатылды. Сонымен қатар жаңа алтын өндіру фабрикасы салынып, сыйымдылығы 300 мың текше метрді құрайтын қалдық сақтау қоймасы тұрғызылды», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін кен өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба жетекшілерінің мәліметінше, фабрика алдағы үш ай ішінде толық өндірістік қуатына шығуы тиіс.

Кәсіпорынның негізгі өнімдері – Доре қорытпасы мен флотациялық концентрат. Бұл өнімдер кейінгі қайта өңдеу кезеңдерінде бағалы металдарды өндіруге пайдаланылады.

Қазіргі уақытта жоба аясында 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылған. Оның басым бөлігінде Ақбеит кенті мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары еңбек етуде. Қызметкерлер жұмыс беруші тарапынан жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген және толық әлеуметтік пакет қарастырылған.

Жоба жүзеге асырылғаннан кейін ауданның өндірістік әлеуеті артып, жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемі де ұлғаяды деп күтілуде. Алдағы уақытта кәсіпорында қосымша 150-200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

#АқмолаОблысы #АстраханАуданы #Жалтыр #АқбеитКенОрны #АлтынӨндіру #AinaResources #Инвестиция #Өнеркәсіп #ЖұмысОрындары #MunarmediaKZ