Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Балаға ақша берген дұрыс па? – қаржы сарапшысы пікірін айтты

36
Балаға күнделікті жұмсау үшін азын-аулақ ақша берген дұрыс па? "Карманные деньги" деген түсінікті барлығымыз білеміз. Сарапшы Аман Әлімбаев сұраққа ғылымға сүйене отырып жауап іздейді. Оның айтуынша, балаға ақша берген дұрыс. Ақша – тәжірибелі ересектердің қадағалауымен бала кезден игеру қажет құрал. Осыдан балаға "ақша беру қажет пе, жоқ па?" деген сұрақтың жауабы айқындалады: иә, беру керек. Велосипедсіз велосипед тебуді үйрену мүмкін емес. Сол сияқты, ақшасыз ақша басқаруды үйрену де мүмкін емес, – дейді сарапшы. Дегенмен, сарапшының сөзінше, тек ақша бергенмен іс бітпейді. Себебі оны дұрыс жұмсауды да үйрету керек. Зерттеулер көрсеткендей, бала кезінде ақша алмаған балалар мен алған, бірақ оны қалай жұмсап-жарату керек екенін ешкім түсіндірмеген балалардың арасында айырмашылық жоқ. Басқаша айтқанда, балаға тек ақша беріп қана қоймай, оны қалай басқару керек екенін түсіндіруіңіз қажет. Оған шығынды категорияларға бөлуді, шектеу орнатуды, ақша жинауға байланысты мақсат қоюды, жинауды және т.б. үйрету керек, – дейді Аман Әлімбаев. Сонымен қатар, сарапшы мектеп жасына дейінгі балаларға қағаз ақша мен тиын беру керек деп есептейді, осылайша олар ақшаның физикалық көлемін сезінеді екен. Ал бастауыш мектеп жасындағы балаларға карта ашуға болатынын, бұл ыңғайлы және қауіпсіз екенін айтады. Үлкен ұлы 5 жасқа толғанда өз тәжірибесін бөлісуге дайындалып жүргенін айтқан ол әзірге дайындалып, ескертпелер жазып жатқанын жеткізді. Бірқатар кеңесін де айтып өткен. Ақша беру кестесін, яғни белгілі бір график орнатыңыз. Бала қанша және қашан алатынын білуі керек. Мысалы, әр жұма сайын ақша беріп отырыңыз және әрдайым сол сомадағы ақшаны беруге тырысысыңыз. Ақшаны сирек (2 аптада бір рет) беруге тек бала есейгенде (15-16 жас) көшкен жөн, сол кезде жоспарлау көкжиегі кеңейеді. Міндетті түрде балаңызбен шығындар мен мақсаттарды талқылаңыз. Оларды салыстырыңыз, – дейді сарапшы.