Munarmedia.kz 24.01.2026 /Астана/ Қазақстан-Түркия бірлескен Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясы мен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе қаласында жаңа зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені (шамамен 83,1 млн АҚШ доллары) құрайды. Кәсіпорынның құрылысын 2026 жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр.
Жаңа зауыттың жобалық қуаты жылына 280 миллион литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік береді. Өндірістік кешен заманауи технологиялармен жабдықталып, экологиялық талаптарға сай жұмыс істемек.
Аталған кәсіпорын Қазақстандағы Coca-Cola-ның төртінші зауыты болады. Қазіргі таңда компанияның үш зауыты Астана қаласында, Шымкентте және Алматы облысындағы Көкөзек кентінде орналасқан.
Жобаның іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ Батыс Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.