Munarmedia.kz. 25.11.2026. ASTANA-Жаһандық климат саммитінің саяси, экономикалық және экологиялық салдары
2026 жылғы 9-22 қарашада Түркияның Анталия қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы аясындағы COP31 халықаралық конференциясы өтті. Әлемнің 190-нан астам елінің өкілдері қатысқан саммитте жаһандық жылынуға қарсы күрес, көміртегі шығарындыларын азайту, қазба отындарынан жаңартылатын энергия көздеріне көшу және климаттық қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Алайда, Самиттің қорытындысы күткен нәтижеге толық қол жеткізе алмады. Қатысушы мемлекеттер көмір, мұнай және газдан кезең-кезеңімен бас тарту жөнінде ортақ саяси келісімге келе алмады. Соған қарамастан, климаттық қаржыландыру, қоршаған ортаға бейімделу және әділетті энергетикалық көшу бағыттарында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Бұл жағдай әлемдік саясаттағы маңызды қайшылықты көрсетті: мемлекеттер климаттың өзгеру қаупін мойындағанымен, экономикалық мүдделерін шектеу мәселесінде ортақ ұстанымға келе алмай отыр.
Климат – экология ғана емес, экономикалық қауіпсіздік мәселесі
Бүгінде климаттың өзгеруі тек экологтар мен ғалымдардың зерттеу тақырыбы емес. Ол ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, су ресурстарына, энергетикаға және мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етуде.
Атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі, әсіресе көмір, мұнай және газды жағудан бөлінетін көмірқышқыл газының артуы жаһандық жылынуды күшейтіп отыр. Оның салдары – құрғақшылық, мұздықтардың еруі, су тасқыны, аптап ыстық және табиғи апаттардың жиілеуі.
Сондықтан климаттық саясат халықаралық қатынастар мен әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Дамыған елдер энергетиканы жаңғыртуға ұмтылса, көмірсутек экспортына тәуелді мемлекеттер бюджет, өндіріс және жұмыс орындарына төнетін тәуекелдерді ескеруді талап етеді.
Көмірден бас тарту – жаңа экономикалық бәсекенің бастауы
COP31-дегі басты келіспеушіліктердің бірі қазба отындарын пайдалануды қысқарту мәселесі болды. 2023 жылғы Дубайда өткен COP28 саммитінде мемлекеттер қазба отындарынан біртіндеп бас тарту үдерісін жеделдету жөнінде келісімге келген еді. Алайда оны нақты мерзімдермен бекіту әзірге қиын болып отыр.
Өйткені энергетикалық көшу тек көмір электр станцияларын жабумен шектелмейді. Бұл – өнеркәсіп, көлік, металлургия, химия және энергетика салаларын тұтас жаңғырту деген сөз.
Бір жағынан, күн мен жел энергетикасы, аккумуляторлар, энергия сақтау жүйелері жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастырады. Екінші жағынан, дәстүрлі энергетикаға салынған инвестициялардың құнсыздану қаупі артады.
Осы үдерісте технологиялық бәсекенің де маңызы күшейеді. Бұрын әлемдік ықпал мұнай мен газ қорына байланысты болса, енді күн панельдері, аккумуляторлар, сирек кездесетін металдар және электр желілерін басқару технологиялары стратегиялық ресурсқа айналып келеді.
Демек, әлем бір энергетикалық тәуелділіктен екіншісіне өтіп кетпеуі керек. Жасыл технологияларды дамыту табиғи ресурстарды жауапты пайдаланумен және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен қатар жүруге тиіс.
Әлемдік нарықтағы жаңа талаптар
Климаттық саясат халықаралық сауда мен инвестицияға да әсер етуде. Соның айқын мысалы – Еуропалық одақтың көміртегі шекарасын реттеу тетігі (CBAM).
Бұл механизм цемент, темір-болат, алюминий, тыңайтқыштар, электр энергиясы және сутегінің жекелеген түрлеріне қатысты көміртегі шығарындыларын есепке алуды талап етеді.
Қазақстан үшін оның маңызы зор. Себебі еліміз металлургия және басқа да өнеркәсіп өнімдерін сыртқы нарыққа шығарады. Егер отандық кәсіпорындар өндірістегі көміртегі шығарындыларын азайтпаса, экспорттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан экологиялық талаптарды орындау енді тек табиғатты қорғау міндеті емес, экономикалық тұрақтылық пен экспорттық табысты сақтаудың да шартына айналды.
Қазақстан үшін мүмкіндіктер мен тәуекелдер
Қазақстан климаттың өзгеруіне ерекше осал мемлекеттердің бірі. Экономикамыздың едәуір бөлігі мұнай, газ және көмірге тәуелді, ал электр энергиясын өндіруде дәстүрлі энергетиканың үлесі әлі де басым.
Сонымен қатар, еліміздің күн және жел энергетикасын дамытуға табиғи әлеуеті жоғары. Жоңғар қақпасы, Шелек дәлізі, орталық және батыс өңірлер жел энергетикасы үшін, ал оңтүстік аймақтар күн электр станцияларын дамыту үшін қолайлы.
2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша күн, жел және биогаз электр станциялары өндірген энергияның үлесі 8,5 пайызды құрады. Бұл бағытта өсім бар, бірақ энергетикалық жүйені түбегейлі жаңғырту үшін әлі де ауқымды жұмыс қажет.
Тағы бір маңызды мүмкіндік – халықаралық климаттық қаржы тарту. Қазақстанға энергетиканы жаңғырту, су ресурстарын қорғау, ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу және қалдықтарды қайта өңдеу үшін ірі инвестициялар қажет.
Алайда жасыл экономикаға көшу бірқатар әлеуметтік және экономикалық тәуекелдерді де туындатады. Әсіресе Қарағанды мен Павлодар сияқты көмір өндірісі мен дәстүрлі энергетикаға тәуелді өңірлерде жұмыс орындарын сақтау мәселесі маңызды.
Сондықтан энергетикалық көшу кезең-кезеңімен жүргізіліп, жұмысшыларды қайта даярлау, жаңа өндірістер ашу және әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Электр энергиясының тапшылығына жол бермеу үшін жаңа қуат көздері мен электр желілерін дамыту да қатар жүруі керек.
Қазақстан үшін басты мәселе – су қауіпсіздігі
Меніңше, Қазақстан климаттық саясатта су ресурстарын қорғауға ерекше басымдық беруі қажет.
Климаттың жылынуы мұздықтардың азаюына, өзендердің су режимінің өзгеруіне және ауыл шаруашылығындағы су тапшылығының күшеюіне ықпал етеді. Бұл әсіресе оңтүстік және орталық өңірлер үшін өзекті.
Іле, Ертіс және Сырдария өзендерінің жағдайы, Балқаш көлінің болашағы, Арал өңірінің экологиялық ахуалы – еліміздің стратегиялық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселелер.
Сондықтан суармалы егіншілікті жаңғырту, каналдардағы су ысырабын азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу және трансшекаралық өзендер бойынша көрші мемлекеттермен тиімді келіссөздер жүргізу қажет.
Климаттық саясат көмірқышқыл газын азайтумен ғана шектелмеуі керек. Ол су қауіпсіздігін, жердің тозуына қарсы күресті, орман қорын көбейтуді және табиғи экожүйелерді сақтауды да қамтуы тиіс.
Қазақстан қандай бағыт ұстануы керек?
COP31 қорытындыларынан шығатын негізгі сабақ – халықаралық міндеттемелерді нақты ұлттық саясатқа айналдыру қажеттігі.
Осы мақсатта Қазақстанға бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс қажет:
көмір энергетикасынан біртіндеп шығудың ғылыми және экономикалық негізделген жоспарын әзірлеу;
жаңартылатын энергия көздерімен қатар электр желілері мен энергия сақтау жүйелерін дамыту;
өндірістерді жаңғыртып, көміртегі шығарындыларын азайту;
халықаралық климаттық қаржы мен жеке инвестицияларды тарту;
су ресурстарын тиімді басқару және климаттық бейімделу шараларын күшейту;
дәстүрлі энергетика салаларындағы жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;
экологиялық білім мен қоғамдық бақылауды дамыту.
Ең бастысы, жасыл экономикаға көшу халықаралық талаптарды орындау үшін ғана емес, елдің ұзақ мерзімді экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуы керек.
Болашақ бүгінгі шешімдерге байланысты
COP31 әлемдік климаттық саясаттағы қайшылықтардың әлі де сақталып отырғанын көрсетті. Мемлекеттер ортақ мақсатты мойындағанымен, оған жетудің жолдары мен мерзімдері жөнінде бір пікірге келе алмай отыр.
Қазақстан үшін бұл – әрі мүмкіндік, әрі үлкен жауапкершілік. Өйткені еліміз бір мезгілде көмірсутек өндіруші мемлекет, климаттық өзгерістерге осал аймақ және жаңартылатын энергетиканы дамытуға әлеуеті жоғары ел болып отыр.
Біздің алдымызда екі маңызды міндет бар: энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
Көмір станцияларын ертең жабу да, әлемдік энергетикалық өзгерістерді елемеу де дұрыс шешім емес. Қазақстанға экономикалық мүмкіндіктерді, әлеуметтік жағдайды және экологиялық талаптарды қатар ескеретін ұзақ мерзімді стратегия қажет.
Өйткені мемлекеттің болашақтағы қуаты қанша мұнай мен көмір өндіргенімен ғана емес, табиғи байлығын қаншалықты тиімді пайдаланып, өзгеріп жатқан әлемге қаншалықты бейімделе алғанымен де өлшенеді.
Таза ауа. Таза су. Таза жер. Таза адами қарым-қатынас.
Бекберген Керей,
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының аппарат басшысы, эколог-сарапшы.




