Munarmedia.kz.29.09.2026.ASTANA. Ақмола облысындағы «Бурабай» ұлттық паркінде туристік аймақтарға келушілерді бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Осы мақсатта ең танымал туристік бағыттардың бойына заманауи бейнебақылау камералары орнатылады.
Жаңа жүйе барлығы жеті туристік нысанды қамтиды. Камералар Бөлектау тауындағы шолу алаңына, «Махаббат алқабы» аумағына, сондай-ақ Аютас, «Туфелька» және «Максимка» жартастарының маңына қойылады. Бұдан бөлек, «Перешеек» пен «Иманаевский бұлағы» аумақтары да бейнебақылаумен қамтылады.
Ұлттық парк әкімшілігінің мәліметінше, жаңа жүйе туристердің нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, келушілер қауіпсіздігін арттырып, табиғатты қорғау талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуге көмектеседі.
Сонымен қатар бейнебақылау табиғи кешендерді қорғаудың қосымша тетігіне айналмақ.
Камералар түнде де жұмыс істейді
Орнатылатын бұрылмалы камералар аумақты 360 градусқа дейін қамтып, нысандарды 25 есеге дейін оптикалық үлкейту мүмкіндігіне ие болады.
Камералар түнгі уақытта да жұмыс істейді. Ол үшін кемінде 150 метр қашықтықты қамтитын инфрақызыл жарықтандыру жүйесі қолданылады.
Ал бағытталған камералар арнайы бейнеаналитика функцияларымен жабдықталады.
Барлық туристік нысандардан түсетін бейнебақылау деректері нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жіберіліп отырады.
Ұлттық парк әкімшілігінің айтуынша, жүйе туристік нысандардағы ахуалды жедел бақылауға, келушілер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи аумақтарға түсетін антропогендік жүктемені бақылауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Noks.kz
#Munarmedia #Бурабай #АқмолаОблысы #Туризм #ҰлттықПарк #Бейнебақылау #Қауіпсіздік #БурабайҰлттықПаркі #Қазақстан