Munarmedia.kz 26.10.2026-Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Верхнеберезовский кентінде шахта суын Берёзовка өзеніне рұқсатсыз төккен Dengbo Success Minerals Ltd. компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорынға жалпы сомасы 4,4 млн теңге айыппұл салынды.
Бұған дейін кент тұрғындары мыс-мырыш кенін өндіру және өңдеу жобасына байланысты алаңдаушылық білдірген. Қытайлық компания Ново-Березовское кен орнын игеруді жоспарлап, бұрынғы байыту фабрикасының аумағына техника мен құрылыс материалдарын жеткізген. Тұрғындар кәсіпорынның мыңдаған текше метр шахта суын жасырын төгіп жатқанын видеоға түсірген. Мәселеге эколог Ержан Оразалинов та назар аударған.
Әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан кейін Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында Ново-Березовское кен орнында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілгені анықталды. Осы кезде шахта суы сорғы жабдықтары арқылы шығарылып, Берёзовка өзеніне төгілген.
Қоршаған ортаға келтірілген ықтимал әсерді бағалау үшін шахта суы мен топырақтан сынамалар алынды. Зертханалық зерттеулер су нысаны мен топырақ құрамында ластаушы заттардың мөлшері жоғары екенін көрсетті.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің төрт бабы бойынша жауапқа тартылды. Олар қоршаған ортаға әсер ету нормативтерін бұзу, атмосфералық ауаны және су нысандарын ластанудан қорғау талаптарын сақтамау, жерді бүлдіру, сондай-ақ су нысандарын қорғау талаптарын бұзу жөніндегі баптарды қамтиды.
ШҚО Экология департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта компанияда экологиялық рұқсат жоқ. Іс материалдары заңда белгіленген тәртіппен қарау үшін сотқа жолданған.
Сонымен қатар кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою және кен орнынан шахта, ластанған жаңбыр және еріген қар суларының су нысандарына түсуіне жол бермеу жөнінде нұсқамалар берілген. Ол үшін аталған суларды жинау және тазарту жүйесін ұйымдастыру қажет.
#ШҚО #Экология #ҚоршағанОрта #БерёзовкаӨзені #Munarmedia