Munarmedia.kz-27.11.2026ж/Астана/-Ресейде Украина зымырандары мен дрондарының шабуылынан болған зардаптар туралы фото, видео және өзге де ақпаратты жариялауға тыйым салу ұсынылды. Заң жобасын бір топ сенатор Мемлекеттік думаға енгізді.

Ұсынылып отырған бастамаға сәйкес, мұндай ақпаратты таратқандарға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Тыйым өртке оранған мұнай базалары, қоймалар мен басқа да нысандардың суреттері мен видеоларын жариялауға ғана емес, әскери техника мен қару-жарақ сақталған орындардың орналасқан жері туралы мәліметтерді таратуға да қатысты.

Демек, оқиға орнын ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған қарапайым азаматтар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Заң шығарушылар бұл шектеуді қауіпсіздік шараларымен түсіндіреді. Олардың пікірінше, мұндай жарияланымдар Украина әскери барлауына көмектесуі ықтимал.

Алайда заң жобасы Ресей аумағында соғыс зардаптары барған сайын айқын көрініп жатқан тұста ұсынылды. Жарылыстар, өрттер мен инфрақұрылымға жасалған шабуылдардың видеолары әлеуметтік желілерде кеңінен таралып келеді. Ресей билігі мұндай материалдардың таралуын шектеуге тырысқанымен, ақпарат ағынын толық тоқтата алмай отыр.

#Munarmedia #Ресей #Украина #Соғыс #Заң #Ақпарат #Саясат