Munarmedia.kz-26.11.2026ж/Астана/-Өзбекстан мен Швейцария билігі Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі тәркіленген активтердің тағы 252,5 миллион долларын Ташкентке қайтару туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа Өзбекстан экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фазилкаримов, Швейцария елшісі Симон Гигер және БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Сабине Маль қол қойған.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қайтарылатын қаражат БҰҰ-ның «Ишонч-2030» траст қорына аударылады. Ақша мектептер салуға және онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетуге жұмсалмақ.

Гүлнара Каримованың активтерін Швейцария билігі 2012 жылы бұғаттаған болатын. Бұған дейін Ташкент 2022 және 2025 жылдардағы келісімдер аясында тиісінше 131 миллион және 182 миллион долларға жуық қаражат алған.

Әртүрлі елдерде, соның ішінде Франция, АҚШ және Латвияда анықталған Гүлнара Каримоваға қатысы бар активтердің жалпы құны шамамен 1,4 миллиард доллар деп бағаланған.

#Өзбекстан #Швейцария #ГүлнараКаримова #жемқорлық #активтер #Munarmedia