Munarmedia.kz-27.11.2026ж/Астана/-Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяниковқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы БАҚ ҰҚК-ге сілтеме жасап хабарлады.
Бейресми ақпарат бойынша, ол кәсіпкерден 400 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. ҰҚК тергеу барысына қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.
Александр Сафяников санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде 27 жылдан астам жұмыс істеген. Оның 15 жылдан астам уақыт Павлодар қаласының санитариялық қызметін басқарғаны, түрлі марапаттарға ие болғаны белгілі.
Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында ол әлі де басқарма басшысы ретінде көрсетілген. Журналистерге жұмыс орнында Сафяниковтың еңбек демалысында екені айтылған.
Ол Павлодардың бас санитар дәрігері саналады. Өзі басқаратын мекеме дәмханалар, дүкендер, мектептер, балабақшалар және басқа да нысандардың санитариялық талаптарды сақтауын тексереді. Құзыреті шегінде кәсіпкерлерге айыппұл салуға және нысандардың жұмысын уақытша тоқтатуға да құқылы.
#Munarmedia #Павлодар #ҰҚК #СыбайласЖемқорлық #Тергеу #Қазақстан #СанитарлықБақылау




