Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Chevron компаниясы Қазақстанда жаңа жобасы аясында мұнай өндіруді бастады

67


Теңіз кен орны – елдегі ең ірі мұнай көздерінің бірі

Америкалық Chevron корпорациясы осы аптада өзінің еншілес кәсіпорны Қазақстанның батысындағы жаңа жоба аясында мұнай өндіруді бастағанын хабарлады. Бұл туралы компанияның сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған.

Бұл жоба Future Growth Project (Болашақты дамыту жобасы, БДЖ) деп аталады және жаңа зауыттың іске қосылуын, сондай-ақ Теңіз кен орнындағы мұнай өндіруді кеңейтуді көздейді. 2012 жылы басталған бұл жоба кешігулер мен шығындардың артуына байланысты қиындықтарға тап болған.

Атырау қаласы маңында орналасқан Теңіз кен орны әлемдегі ең терең және аймақтағы ең ірі кен орындарының бірі саналады. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл кен орны ондаған жылдар бойы Chevron үшін негізгі табыс көзі болып келген. Алайда оның экспорты толығымен дерлік Ресей арқылы Қара теңізге шығатын құбырға тәуелді.

Chevron мәлімдеуінше, БДЖ аясында 2025 жылдың маусымына қарай компания мұнай өндірудің тәуліктік толық қуатын 260 мың баррельге жеткізеді деп күтуде. Осылайша, Теңіздегі жалпы мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 1 миллион баррельге жетеді. Бұл жобаны жүзеге асыру құны 48 миллиард долларды құрайды.

Қазақстандағы жобаны Chevron-ның еншілес кәсіпорны – «Теңізшевройл» жүзеге асырады. Оның 75%-ы америкалық компанияларға тиесілі (50% – Chevron, 25% – ExxonMobil). Қалған 20%-ы Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГазға», ал 5%-ы ресейлік «Лукойлға» тиесілі.

Chevron компаниясының халықаралық барлау және өндіру бөлімінің басшысы Клей Нефф Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Бұл жоба бізге қазіргі мұнай өндіруді арттырып қана қоймай, кен орнының жұмыс мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді», – деді. Бұл кеңейту Chevron корпорациясының алдағы бес жыл ішінде өндіріс көлемін жылына шамамен 3%-ға арттыру жоспарының бір бөлігі.

Бұл кеңейту АҚШ президенті Дональд Трамптың мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мұнай бағасын төмендетуге мәжбүр болады деген мәлімдемелері аясында жүзеге асуда.

«ОПЕК-ке қатысты біз Қазақстан Республикасының кез келген нұсқауларын орындаймыз», – деп Bloomberg агенттігі Клей Неффтің сөзін келтірген.

Қазақстан ОПЕК ұйымына кірмейді, бірақ ол ОПЕК+ форматында бейресми серіктес болып табылады.