Елімізге сыртқы сауда айналымнан қанша кедендік салық түсті
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Елдос Саудабаев биыл импорт айналымы 16,1 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты.
«Биыл 5 ай ішінде 1,346 трлн теңге сомасында кедендік төлемдер және салықтар түсті. Кедендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша 62,5 млрд теңге өндірілді», – деді ол.
Белгілі болғандай, «Бірыңғай терезе» порталында жекелеген рұқсат беру құжаттары, сондай-ақ сәйкестікті растау жөніндегі органдар беретін сәйкестік туралы сертификаттар мен декларациялар, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктер автоматтандырылған.
Бұдан бөлек, кеден саласындағы бірқатар мемлекеттік қызмет іске қосылған. Мысалы, тауарларды жіктеу, тауарларды жиналмаған немесе бөлшектелген түрде шығарылған елде жіктеу, кедендік құнды анықтау әдісі, уақытша сақтау орындарының тізіміне енгізу сияқты қызметтер бар.
Сондай-ақ растайтын құжаттар мен мәліметтерді бірнеше рет ұсыну қажеттілігін болдырмау мақсатында басқа ұйымдармен 19 интеграция іске асырылған.
«Тауарлардың экспорты-импорты үшін көрсетілетін қажетті қызметтердің «бірыңғай терезе» порталындағы кедендік операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметті берушілер мен көрсетілетін қызметті алушылардың физикалық байланысын болдырмауға, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімдері 30-дан 2 күнге дейін қысқартылған кезде құжаттарды алуды және кедендік ресімдеуді тездетуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік кірістер комитеті бүгінде ЕАЭО сыртқы шекарасындағы барлық автомобиль өткізу пунктінде жұмыс істейтін инновациялық электрондық кезек жүйесін енгізді. Бұл жоба оң нәтиже көрсетті. Біз бұл жүйені Ресей Федерациясы мен Қырғызстанның шекара бекеттерінде енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті спикер.
Жүйе «Qoldau.kz» платформасында және «cargoruqsat» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейді. Орталық Азиядағы бірегей автоматтандырылған жүйе шекарадан өту процесін түбегейлі өзгерткенін атап өткен жөн.