Munarmedia.kz 17.03.2026 /Astana/ – 1 сәуірден бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлік пен кейбір көлік құралдарын сатып алу-сату кезінде есеп айырысу қолма-қол ақшасыз форматта жүзеге асырылады.
Жаңа талапқа сәйкес, мәміле жасау барысында төлемдер банктер мен нотариустар арқылы жүргізіледі. Енді сатып алушы немесе оның өкілі банкке өтінім беріп, шарт бойынша қаражат арнайы эскроу-шотқа аударылады. Бұдан кейін нотариус қаражаттың түскенін тексеріп, тек содан соң ғана келісімшартты куәландырады. Кейін ақша сатушыға аударылады немесе оның өтініші бойынша қолма-қол түрде берілуі мүмкін.
Аталған жаңашылдық барлық жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ шығарылғанына 10 жылдан аспаған M, N, O және G санатындағы көлік құралдарына және арнайы техникаларға қатысты болады.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер мәмілелердің ашықтығын арттырып, көлеңкелі айналымды азайтуға және тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.