ЛОНДОН, 2025 жылғы 14 наурыз /BBC/ – Испанияда 1,1–1,4 миллион жыл бұрын өмір сүрген адамның қазба қалдықтары табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл бұрын белгісіз болған ежелгі адам түріне жатуы мүмкін.
Аталған қаңқа қалдықтары Испанияның Бургос қаласынан алыс емес Сима-дель-Элефанте үңгірінен табылған. Олар ересек адамның бет сүйегінің 80%-ын құрайды, оның ішінде бетсүйек пен мұрын бөліктері сақталған.
Бұл – бүгінге дейін Еуропада табылған ең көне адам қалдықтарының бірі. Ғалымдар бұл адамның кім болғаны белгісіз болғандықтан, оған "Pink Floyd" тобының құрметіне "Pink" деген атау берген.
Зерттеушілердің айтуынша, "Pink"-тің бет сүйегінің құрылысы шамамен 850 000 жыл бұрын өмір сүрген "Homo antecessor" өкілдерінің сүйектеріне қарағанда қарапайым болған. "Homo antecessor"-лардың бет құрылымы қазіргі адамдарға көбірек ұқсайтын.
Сонымен қатар, "Pink"-тің бет пішіні "Homo antecessor"-ға қарағанда жалпақтау, бірақ Африкадан қоныс аударған ең ежелгі адам түрлерінің бірі саналатын "Homo erectus"-қа ұқсас элементтері бар. Алайда оның кейбір анатомиялық ерекшеліктері өзгеше болған.
Бұл жаңалық "Pink"-ті ежелгі адамның жаңа түріне жатқызуға жеткілікті дәлел болмаса да, мұндай болжам жасауға негіз бар екенін көрсетеді. Қазіргі мәліметтерге сүйене отырып, зерттеушілер бұл қазбаларды "Homo affinis erectus" деп жіктеуге шешім қабылдады.
"Бұл жаңалық Еуропадағы адам эволюциясын зерттеуде жаңа бағыт ашады", – деп мәлімдеді Каталонияның Адам палеоэкологиясы және әлеуметтік эволюция институтының археологы Роза Хугет.