Munarmedia.kz. 25.09.2026. ASTANA.Қазақстанның Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Каспий теңізіне кеткен 17 әскери қызметшінің 12-сі қаза болып, екеуін іздеу жалғасуда.
Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым жерде, «Omir Glamping» демалыс базасы маңындағы Каспий жағалауында болған.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері оқу-жаттығу барысында «Қайсар» кемесінен жағалауға десант түсіру тапсырмасын орындаған.
Әскери қызметшілер толық әскери киіммен және ауыр жабдықпен теңіз арқылы жағалауға бет алған. Алдын ала белгіленген жерде судың тереңдігі шамамен бір метр болуы тиіс болған. Алайда ауа райының күрт өзгеріп, желдің күшеюінен әскери қызметшілер суы тереңірек учаскеге тап болған.
Нақты дерек бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Оның 12-сі қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Құтқарылғандардың біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасуда.
Қаза болғандардың басым бөлігі Маңғыстау облысының тұрғындары. Олардың арасында келісімшарт бойынша қызмет еткен аға сержант және мерзімді әскери қызметшілер бар. Кейбір сарбаздардың әскери қызмет мерзімінің аяқталуына шамамен бір апта қалғаны хабарланды.
Оқиғаға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен бірге қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әскери қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында сараптамалар тағайындалып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Қазгидромет бұған дейін өңірде желдің күшейетінін, оның екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін екенін, сондай-ақ шаңды дауыл қаупін болжаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды және марқұмдардың жақындарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
25 қыркүйек Қазақстанда қаза болған әскери қызметшілерді еске алуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кетейік, Маңғыстауда әскери жаттығу кезінде болған қайғылы жағдай бұған дейін де тіркелген. 2015 жылғы 18 қыркүйекте осы өңірде теңіз десантын түсіру жаттығуы кезінде қатты жел мен толқыннан төрт БТР-80 суға батып, төрт әскери қызметші қаза болған еді.
Қазіргі таңда тергеу оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.
#Munarmedia #Қазақстан #Маңғыстау #Ақтау #Каспий #ӘскериТеңізКүштері #әскерижаттығу #әскер #азаТұту #әскериқызметшілер