Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Кеден Назарбаевтар ықпалында ма? Кірістер комитеті не дейді?

9



Munarmedia.kz / 20.06.2025 / Астана-2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы алшақтық 14 миллиард долларға жетіп, рекорд орнатты. Осыған байланысты Ulysmedia.kz тілшілері Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінен бұл жағдайдың артында «кеден мафиясы» тұр ма деген сауал қойды.


⚡️ Кеденде мафия бар ма?

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов бұл сұраққа жауап бере отырып, кедендік мәліметтердегі айырмашылық — тек әдістемелік мәселе екенін айтты.

«Біздің кеден шекараларымызда мафия жоқ», — деп сендірді ол.

Алайда, ұзақ жылдар бойы Алматы мен Жамбыл облыстарының шекаралық ауылдарының тұрғындары Қытаймен арадағы кеденнің бейресми бақылаушысы Болат Назарбаев болғанын айтып келген. Болат Назарбаев 2023 жылы қайтыс болған еді.

«Кеденді немесе мемлекеттік шекараны “бақылауында ұстау” дегеннің өзі қалай болатынын түсінбеймін. Мемлекеттік шекара — бұл стратегиялық режимдік нысан. Онда кеден қызметінен бөлек шекара қызметі де бар, ал бұл аймақ үнемі бақылауда — тек шекара қызметкерлері мен кеденшілердің ғана емес, қоғамның да назарында. Сондықтан біз ондай деректерге ешқашан тап болған емеспіз», — деді Слямов.


⚡️ Тоқаев не айтқан еді?

Редакция тілшісі Слямовқа 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кеденде «қол тигізуге болмайтын операторлар» туралы ашық айтқанын еске салды. Бұл – мұндай фактілердің бұрын болғанын білдірмей ме?

«Бүгінде ондай жағдайлар тіркелген жоқ», — деп қысқа қайырды Кірістер комитетінің өкілі.


⚡️ Контекст

2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік мәліметтердегі айырмашылық екі жыл қатарынан қысқарғаннан кейін қайта күрт өскен. Ашық деректерге сүйенсек, Қазақстан арқылы өткен тауар көлемі Қытай кеденшілері тіркеген көлемнен 14 миллиард долларға аз болған.