2025 жылы Қазақстанда мобильді аударымдарға бақылау күшейтіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл шара заңсыз кәсіпкерлік қызметпен күресу және табысты жасыруды болдырмау үшін енгізілген.
Енді банктер жеке кәсіпкерлер (ЖК), заңды тұлғалар басшылары және олардың жұбайлары жасаған аударымдар туралы ақпаратты 2024 жылғы операциялар бойынша ұсынады.
Бұл өзгерістер кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға жасалатын ақшалай аударымдарға қатысты болады. ҚР Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы № 323 бұйрығына сәйкес, негізгі критерий – бір жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп адамнан ақша алуы.
Енді қосымша шарт енгізілді: мұндай түсімдердің жалпы сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) үш еселенген мөлшерінен асуы керек. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл сома 255 мың теңгені құрайды.