Munarmedia.kz 12.03.2026 /Astana/ – Егер мұнайдың бір баррелі 100 долларға дейін қымбаттаса, Қазақстан қосымша шамамен 20 млрд доллар кіріс алуы мүмкін. Бұл қаржы бір атом электр станциясын немесе екі мұнай өңдеу зауытын салуға жеткілікті. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әлемдік мұнай нарығындағы баға күн сайын өзгеріп отырады.
«Күн сайын таңертең мұнай бағасы өзгеріп тұрады. Бір кезеңде барреліне 119 долларға дейін көтерілді. Қазір шамамен 87 доллар деңгейіне түсті. Дегенмен бағаның 80 доллар шамасында сақталуына алғышарттар бар. Себебі бұқаралық ақпарат құралдарынан Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына өзара шабуылдар жасалып жатқанын көріп отырмыз», – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, мұнай жеткізіліміндегі кідірістер Парсы шығанағы елдерінде, Солтүстік Америкада және басқа да мемлекеттерде бензин бағасының өсуіне әсер еткен.
Журналистердің бұл жағдай Қазақстанға әсер ете ме деген сұрағына министр «жоқ» деп жауап берді.