Munarmedia.kz 28.11.2025 /Астана/ Қазақстандық бизнесмен Елдар Сәрсенов бақылауындағы Nurbank мемлекеттік қаржылық көмек аясында шығарылған облигацияларды кері сатып алатынын мәлімдеді. Бұл ақпарат банктің ресми хабарламасында жарияланды. Осылайша, қаржы институты мемлекетке 4,5 млрд теңгені қайтармақ.
Nurbank ISIN KZ2C00006070, сауда коды NRBNb16 саналатын субординацияланған купондық облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алады. Жалпы саны — 4,5 млн дана, номиналы — 1000 теңге, жылдық мөлшерлемесі — 4%. Дегенмен, осы операциядан кейін банк мемлекет алдында 42,3 млрд теңге көлемінде қарыз болып қала береді.
Қазақстан Ұлттық банкінің статистикасына сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айында Nurbank-тің таза пайдасы 11,3 млрд теңгені құрады. Активтер көлемі бойынша банк еліміздегі 23 қаржы институтының ішінде 15-орында тұр — 549,5 млрд теңге.
-
Несие портфелі: 362,5 млрд теңге
-
Міндеттемелер: 473,8 млрд теңге
-
Жеке тұлғалардың депозиттері: 158,5 млрд теңге
-
Заңды тұлғалардың депозиттері: 229,6 млрд теңге
-
Меншікті капитал: 75,6 млрд теңге
Forbes Kazakhstan тізімінде ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарында 39-орында тұрған Елдар Сәрсеновтің JP Finance Group компаниясы Nurbank акцияларының 77,88% иеленеді.
Қалған акционерлер:
-
5,97% — JA COLLECTION COMPANY
-
9,98% — Марко Блануша
Қазақстанның банк секторын тұрақтандыруға бағытталған қаржылық орнықтылықты арттыру бағдарламасы 2017 жылы қолға алынған болатын. Оның негізгі мақсаты — қаржы жүйесін дағдарыс кезеңінде қолдау, банктердің жағдайының нашарлауына жол бермеу, салымшылар мен бизнес қаражатын қорғау және қаржы нарығына деген сенімді арттыру.
2025 жылғы 7 наурыздағы дерек бойынша, бағдарламаға қатысқан бес қазақстандық банк мемлекетке жалпы 1,4 трлн теңге қарыз. Олардың ішінде Halyk Bank мемлекеттік көмекті толық өтеді, ал жуырда Bank RBK те мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтаруға әзір екенін хабарлаған болатын.
Nurbank-тің қазіргі қадамы — банк секторындағы оң динамиканың бір көрінісі әрі мемлекеттік қолдау бағдарламасының нәтижелілігін айғақтайтын факторлардың бірі.