Munarmedia.kz 20.10.2025 /Астана/ 19 қазанға қараған түні Ресейдің Орынбор және Самара облыстарында пилотсыз ұшқыш аппараттар (дрондар) шабуылының қаупі жарияланып, әуежайларда ұшып-қону уақытша шектелді.
Самарада орналасқан Новокуйбышев мұнай өңдеу зауыты тағы да отқа оранды. Әлеуметтік желілерде жергілікті тұрғындар түсірген бейнежазбалар таралып, ондағы от жалын мен қою түтін анық байқалады.
Ал Орынбор қаласында дрон соққыларынан кейін газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) өртке оранды. Куәгерлер бес-жеті жарылыс пен жарқылды, аспандағы түтінді хабарлаған. Аймақ басшысы зауыттағы бір цехтың отқа оранғанын растады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, өрт қаланың өзіне қауіп төндірмейді деп мәлімдеді.
Алайда, Орынбордағы бұл ГӨЗ – әлемдегі ең ірі газ-химия кешендерінің бірі саналатынын ескерсек, бұл апат Қазақстан үшін де айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Себебі қазіргі таңда Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін 9 миллиард текше метрге дейінгі газ дәл осы зауытта өңделіп, ары қарай еліміздің ішкі нарығына жеткізіледі.
2025 жылғы шілдеде ҚР Энергетика министрлігі Қарашығанақтағы ГӨЗ жобасының жабылғанын хабарлаған еді. Себебі шетелдік серіктестер жобаның бір бөлігін Қазақстан бюджеті есебінен қаржыландырып, газға қатысты арбитраждық дауды тоқтатуды ұсынған. Алайда бұл ұсынысты Үкімет қабылдамады. Дегенмен қыркүйекте Eni, Shell, Chevron және «Лукойл» компаниялары Қарашығанақтағы ГӨЗ құрылысын жалғастыратыны туралы ақпарат тарады.
UPD. Бүгін ҚР Энергетика министрлігі Орынбордағы апатқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Қазіргі уақытта зауыт Қарашығанақтан газ қабылдауды уақытша тоқтатты. Апаттың нақты сипаты мен қалпына келтіру мерзімі әзірге Ресей тарапынан айтылған жоқ.
Министрліктің мәліметінше, бұл оқиға Қазақстанның ішкі газ тұтынушыларына әсер етпейді. Газбен жабдықтау штаттық режимде, ешқандай шектеусіз жалғасуда. Ведомство жағдайды бақылауда ұстап отыр және ресейлік әріптестермен, кен орны операторларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатыр.
Фото: Pixabay