Munarmedia.kz-26.11.2026ж/Астана/-Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Иорданияға ұшып бара жатқанда немересі Шавкатбекке хат жазған. Ол хатында немересінің «Неге үнемі осыншама алысқа сапарға шығасыз?» деген сұрағына жауап берген.

«Менің мойныма ерекше жауапкершілік жүктелген. Ол – тек сенің болашағыңды ғана емес, Өзбекстандағы миллиондаған баланың келешегін ойлау», – деп жазған президент.

Мирзиёев немересіне өзінің балалық шағын да еске алған. Немересінің жасында аптап ыстықта мақта түбін қопсытып, суықта егін жинағанын айтқан. «Мен сендердің де, еліміздегі бірде-бір баланың да мұндай қиындықты бастан өткергенін қаламаймын», – дейді ол.

Хатта президент балаларға уақытты бағалау, білім алуға ұмтылу және гаджеттердің жетегінде кетпеу жөнінде кеңес берген.

Сондай-ақ ол өмірлік маңызды ойымен бөліскен: «Ең үлкен жеңіс – ешқашан құламау емес, құлағаннан кейін қайта тұруға күш табу».

#Өзбекстан #ШавкатМирзиёев #тәрбие #білім #Munarmedia