Munarmedia.kz.26.11.2026 /ASTANA/-Адамның биіктігі қызметімен өлшенбейді. Оның шын бағасы – артында қалдырған ізі, елге жасаған жақсылығы мен кейінгі ұрпаққа берген өнегесі.
Адамның өмір жолын танығың келсе, алдымен оның туған жеріне, өскен ортасына, шыққан тегіне үңіл. Өйткені адам бір күнде қалыптаспайды. Оның бойындағы мінезі, дүниетанымы, еңбекке көзқарасы, елге деген құрметі бала кезден басталып, жылдар бойы қалыптасады.
Біреулер өмір бойы өзіне жол іздейді. Енді біреулер өзі ғана жол тауып қоймай, өзгелерге де жол ашады. Қоғамда осындай адамдардың орны бөлек. Олар өз жетістігімен шектелмей, айналасына мүмкіндік жасап, талай адамның тағдырына оң ықпал етеді.
Сондай азаматтардың бірі – белгілі меценат, ғалым, кәсіпкер, қоғам қайраткері Жанат Қасым.
Оның есімі Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан өңірлеріне ғана емес, республика жұртшылығына да жақсы таныс. Әсіресе, білім беру саласына қосқан үлесі, қайырымдылық қызметі, ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттауға бағытталған бастамалары оның азаматтық болмысын айқындайды.
Бірақ Жанат Қасымды түсіну үшін оның бүгінгі жетістіктерінен емес, кешегі өткенінен бастау керек. Оның тамыры қайдан тарайды? Қандай ортада өсті? Қандай адамдардың тәрбиесін көрді? Неліктен ол өз өмірінде тек табыс табуды емес, өзгелерге де көмектесуді маңызды санады?
Бұл сұрақтардың жауабы оның туған жері мен ата-баба тарихында жатыр.
Атадан қалған тамыр, ұрпаққа жалғасқан өнеге
Жанат Жақыпсейітұлы – Арғынның Атығай руынан. Оның ата-тегі Бабасан тармағынан тарайды.
Атығай – Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау өңіріне кеңінен тараған, тарихы терең елдің бірі. Шежірелік деректерде бұл рудың бірнеше аталыққа бөлінетіні айтылады. Атығайдан шыққан Шал мен Арыстанбай секілді ақындар, Ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев, батыр Зілқара, мемлекет және қоғам қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Мақтай Сағдиев, академик Мұрат Айтқожин секілді тұлғалар қазақ тарихында өзіндік орын алған.
Осы топырақтан шыққан Жанат Қасымның да өз жолы бар.
Оның ата-бабаларының қонысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданы аумағындағы Қанжығалы ауылымен байланысты. Бұл өңір – табиғаты бай, жері құнарлы, тарихи жады терең мекен.
Қанжығалы ауылының айналасы кезінде қазақтың қалың қонысы болған. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі Атығай ұрпақтары. Мұнда мал шаруашылығына да, егіншілікке де қолайлы кең дала, орман-тоғай, көлдер мен шалғынды алқаптар болған.
Жанат ағаның балалық шағы осындай табиғат аясында өтті.
Туған жердің адамға берері көп. Кең дала баланың қиялын кеңейтеді. Табиғаттың тынысы тіршілікке үйретеді. Ауылдағы қарапайым адамдардың еңбегі төзімділікке баулиды. Адамның бойындағы еңбекқорлық, сабыр, шыдам, елге жақындық секілді қасиеттер көбіне осындай ортада қалыптасады.
Бұл – Жанат ағаның өмір жолын түсінудегі маңызды бір қыр. Мағжанның ізі қалған мекен
Жанат Қасымның туған өлкесінің тарихын сөз еткенде, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевты айналып өту мүмкін емес.
Мағжанның туған жері – Сасықкөл маңы. Ал Жанат өскен Қанжығалы өңірі де осы тарихи-географиялық кеңістікпен сабақтас жатыр. Екі әулеттің тамыры бір Атығай жұртынан тарайды.
Мағжанның «Сасықкөл» өлеңін оқыған адам оның туған жерге деген махаббатын бірден сезеді. Ақын суреттеген мөлдір көл, жағасындағы тіршілік, табиғаттың көркемдігі – Жанаттың бала кезінен таныс болған даланың көріністеріне ұқсайды.
Бұл жерде бір қызық сабақтастық бар. Бір топырақта дүниеге келген адамдардың тағдыры әртүрлі болғанымен, туған жерге деген құрметі мен ел алдындағы жауапкершілігі оларды рухани жақындастырады.
Туған жер – адамның алғашқы мектебі. Ал сол мектептен алған тәрбиені өмір бойы жоғалтпау – әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет.
Қазақ даласының тағдыры: өзгерген атаулар, жоғалған іздер
Жанат Қасымның туған өлкесінің тарихы тек табиғатымен ғана емес, күрделі тарихи кезеңдерімен де ерекшеленеді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Солтүстік Қазақстан өңірінің демографиялық, мәдени және тілдік келбеті біртіндеп өзгерді. Жаңа әкімшілік құрылымдар пайда болды, ауылдардың атауы ауыстырылды, теміржол тартылды, сырттан қоныс аударушылар көбейді.
Бұрынғы қазақ ауылдарының бірқатары басқа атауларға ие болды. Мәселен, Қанжығалы ауылының атауы кейін «Куйбышевке» болып өзгертілген. Ал қазіргі Смирнов ауылының орнында бұрын «Дәрмен» деп аталған теміржол стансасы болған.
Бұл өзгерістер жай ғана географиялық атаулардың ауысуы емес еді. Оның астарында жергілікті халықтың тарихи жадын, қалыптасқан ортасын және ұлттық болмысын өзгерткен үлкен саяси үдерістер жатты.
Мағжан Жұмабаевтың «Шойын жол» өлеңінде осы өзгерістердің халық өміріне тигізген әсері көрініс тапқан.
Ақын жаңа теміржолдың келуімен бірге ел тұрмысына енген өзгерістерге, қазақ даласындағы дәстүрлі тіршіліктің бұзылуына алаңдайды. Ол жаңалықтың өзіне қарсы емес, оның халықтың рухани дүниесіне, табиғи ортасына, тілі мен салтына зиян келтіруінен қауіптенеді.
Мағжанның сол кездегі алаңдаушылығы бүгін де ойлантады.
Біз өркениетке ұмтылуымыз керек. Бірақ даму дегеніміз – өз тарихыңнан, тіліңнен, табиғатыңнан, ұлттық болмысыңнан бас тарту емес.
Тамыры терең ағаш қана биікке өседі.
Ауыр кезеңнің ортасында сақталған шаңырақ
Жанат ағаның ата-бабалары өмір сүрген кезең де оңай болған жоқ.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін ауыр сынақтарға толы болды. Ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс – бірде-бір отбасыны айналып өтпеген қасіреттер.
Жанаттың әкесі Жақыпсейіт те сол дәуірдің тауқыметін көрген адам. Соғысқа қатысып, майданның ең ауыр кезеңдерінен өткен. Жүрегінің тұсынан оқ өтсе де, аман қалып, елге оралған. Алайда соғыстың жарасы мен кейінгі өмірдің ауыртпалығы денсаулығына әсер етіп, ол 1958 жылы небәрі 46 жасында дүниеден өткен.
Артында жары Дәмеш пен алты баласы қалды.
Әулеттің үлкен тірегі болған Бәтіш әженің де орны ерекше болғаны айтылады. Ол өмірдің талай қиындығын көрсе де, балалары мен немерелерін бір шаңырақтың астында ұстап, бауырмалдыққа, бірлікке тәрбиелеген.
Бәтіш әже тек отбасының үлкені ғана емес, елге шипасы тиген емші болған. Алыс-жақыннан адамдар келіп, дертіне дауа іздеген. Сонымен бірге дін жолын берік ұстанып, ұрпағын имандылыққа баулыған.
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде дін адамдарына қысым күшейгенде, әулет мүшелері де өздерінің діни сауатын, Құран оқи білетінін ашық көрсете алмаған. Соған қарамастан, отбасы рухани құндылықтарын жоғалтпай сақтап қалған.
Осындай тағдырлы әулетте өскен адамның бойында үлкендерге құрмет, туыстыққа адалдық, адамға көмектесу секілді қасиеттердің қалыптасуы заңды.
Жанаттың өміріндегі қайырымдылықтың тамырын да осындай отбасылық тәрбиеден іздеген жөн.
Смирнов: балалық шақтың мектебі
Жанат Қасымның балалық және жастық шағы өткен Смирнов ауылы – бүгінгі Аққайың ауданының орталығы.
Бір кездері бұл елді мекен Солтүстік Қазақстан облысындағы дамыған ауылдардың бірі болған. Мұнда өндіріс орындары, құрылыс-монтаж басқармасы, теміржол стансасы, элеватор, тігін фабрикасы, мектептер, кітапхана, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандар жұмыс істеген.
Ауылдың тыныс-тіршілігі қайнаған, мәдени ортасы қалыптасқан, спорт пен білімге көңіл бөлінген.
Осындай ортада өскен Жанаттың спортқа қызығуы да кездейсоқ емес.
Ол бала кезінен спортпен шұғылданып, әсіресе жоғары сыныптарға барған кезде ауданның алдыңғы қатарлы спортшыларының бірі болған. Смирнов ауылынан шыққан ауыр атлеттер мен жеңіл атлеттер өңірге танымал еді. Жанат та сол спорттық ортаның белсенді өкілдерінің қатарында болды.
Спорт адамның мінезін қалыптастырады. Ол жеңіске жетуді ғана емес, жеңілісті қабылдауды, қайта тұруды, күнделікті еңбекті, тәртіп пен төзімділікті үйретеді.
Кейінгі өмірінде түрлі салаларда бастама көтеріп, қиындыққа мойымай, үлкен жобаларды жүзеге асыруға ұмтылған Жанаттың бойындағы осы қасиеттердің бастауын бала күнгі спорттық тәрбиемен де байланыстыруға болады.
Адамның мінезі үлкен мінберде емес, көбіне қарапайым өмірдің ішінде қалыптасады.
Туған жердің тағы бір ерекшелігі – тұлғалар тәрбиелеген топырақ
Смирнов пен Аққайың өңірі талай белгілі азаматтарды дүниеге әкелген.
Бұл қатарда мемлекет және қоғам қайраткерлері Нығмет Сырғабеков пен Қайсар Тәшітовтің есімдері бар.
Нығмет Сырғабеков 1900 жылы осы өңірде дүниеге келген. Әр жылдары Қазақ АКСР-інің Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бөлімін басқарған, Жетісу губерниялық сотының төрағасы болған, республикадағы жерге орналастыру жұмыстарына қатысқан. Кейін Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР егіншілік халық комиссары қызметтерін атқарған. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылған. Тек 1957 жылы ақталған.
Қайсар Тәшітов те сол кезеңдегі мемлекеттік қызметтің жауапты сатыларынан өткен. Ол 1930-жылдары комсомол ұйымдарында, халық ағарту саласында басшылық қызметтер атқарған. Алайда 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған.
Осы екі тұлғаның өмір жолы бір дәуірдің қасіретін көрсетеді. Білімді, қабілетті, елге қызмет етуге дайын азаматтардың өзі саяси жүйенің құрбанына айналған кезең болған.
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармасында Бауыржан Момышұлының осы екі азаматтан көрген көмегін ерекше ризашылықпен еске алатыны айтылады.
Жас Бауыржанның жолы жабылып, оқу мен қызметтен шеттетілу қаупі туған кезде, Нығмет Сырғабеков пен Қайсар Тәшітов оған қолдау көрсеткен.
Бұл оқиға бір нәрсені аңғартады: адамның шын азаматтығы оның билік басында отырған кезінде емес, біреуге көмек қажет болған сәтте танылады.
Қайсар мен Нығмет секілді азаматтардың кейінгі ұрпаққа қалдырған ең үлкен өнегесінің бірі – қиындыққа тап болған жасқа қол ұшын созу.
Жанат Қасымның да кейін өз университетінде жастарға тегін білім беруі, әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдарға көмектесуі, шығармашылық жобаларды қаржыландыруы осындай азаматтық дәстүрмен үндеседі.
Бір адамның өмірі – мың адамның үміті
Жанат Қасым туралы сөз қозғағанда, оның кәсіпкерлігі мен материалдық жетістігін ғана айту жеткіліксіз.
Оның қоғамдық өмірдегі ең маңызды қырларының бірі – білім беру саласына жасаған еңбегі.
Кеңес Одағы кезінде облыс орталықтарының өзінде қазақ тілінде білім беретін мектептер саусақпен санарлық еді. Тіпті Алматының өзінде қазақ мектебі өте аз болатын. Арнайы бағыттағы физика-математика, өнер мектептерін айтпағанда, жалпы білім беретін қазақ мектептерінің жағдайы да мәз емес еді.
Көкшетау қаласында осы қалыптасқан жағдайды өзгертуге бел буғандардың бірі Жанат Қасым болды.
Ол қазақ тілінде білім беретін алғашқы жекеменшік мектептердің бірін ашты. Бұл жай ғана жаңа оқу орнын іске қосу емес, сол кезеңдегі қалыптасқан түсінікке қарсы шығу, тәуекелге бару, ұлттық білімнің болашағына сену еді.
Мектеп кейін колледжге айналып, одан әрі «Көкше» университетінің негізін қалады.
Осылайша бір білім ордасының тарихы тұтас бір білім беру жүйесінің қалыптасуына ұласты.
Мұның артында қаншама адамның еңбегі, қаншама ұйқысыз түн, қаржылық тәуекел, ұйымдастырушылық жұмыс жатқанын біреу біледі, біреу білмейді.
Бірақ нәтижесі көз алдымызда: талай жас білім алды, мамандық иесі атанды, өз өміріне жол ашты.
Жанаттың бұл еңбегінің құндылығы да осында.
Білімге салынған инвестиция бір адамның ғана игілігіне қызмет етпейді. Ол тұтас қоғамның болашағына әсер етеді.
Әсіресе, ана тілінде білім беретін оқу орнын ашу – сол кезеңдегі тарихи қажеттілікті түсінген азаматтық шешім еді.
Білімді байлыққа емес, байлықты білімге айналдыру
Жанат Қасымның меценаттық қызметінің ерекшелігі – көмекті тек қаржылай қолдаумен шектемеуінде.
Ол білім алуға мүмкіндігі жоқ жастарға қолдау көрсеткен, кейбір студенттердің тегін оқуына жағдай жасаған. Материалдық көмекке мұқтаж адамдарды назардан тыс қалдырмаған. Өнер туындылары мен әдеби шығармалардың жарық көруіне демеушілік жасаған.
Бұл жерде бір маңызды мәселе бар.
Байлықтың өзі адамды абыройлы етпейді. Адамның байлықты қалай жұмсайтыны, оның игілігін кімдер көретіні маңызды.
Біреу дәулетін тек жеке басының тұрмысын жақсартуға жұмсайды. Екінші біреу сол мүмкіндікті қоғамға пайда келтіруге пайдаланады.
Екеуінің айырмасы жер мен көктей.
Жанат Қасымның өміріндегі осы бағытты оның меценаттық қызметінен көруге болады.
Ол үшін білім беру, жас таланттарға жол ашу, өнер мен әдебиетті қолдау – бір реттік қайырымдылық шарасы емес, ұзақ мерзімді қоғамдық жұмысқа айналған.
Мұндай істің нәтижесін бірден өлшеу мүмкін емес. Бүгін тегін оқыған студент ертең білікті маманға айналуы мүмкін. Бүгін қолдау көрген жас суретші ертең қазақ өнерінің мақтанышына айналуы мүмкін. Бүгін жарық көрген бір кітап келесі ұрпақтың дүниетанымына ықпал етуі мүмкін.
Міне, меценаттықтың шынайы мәні осында.
Тарихқа тағзым – ұлтқа қызмет
Жанат Қасымның тағы бір назар аударарлық бастамасы – тарихи тұлғалар мен ұлттық мұраны насихаттауға бағытталған жұмыстары.
Соның бір мысалы – 2000-жылдардың басында ұйымдастырылған «Хан Кененің жорықты жолдары» атты экспедиция.
Бүгінде тарихи жадыны жаңғырту, өткенді зерттеу, ұлттық тұлғаларды ұлықтау туралы көп айтамыз. Ал ол кезде бұл тақырыптар қазіргідей кеңінен талқыланып, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан жоқ еді.
Сол кезеңде Жанат Қасым экспедицияны қаржыландырып, Көкшетаудан Қырғызстанға дейінгі тарихи бағытты зерттеуге мүмкіндік жасаған.
Экспедиция мүшелері шамамен жиырма күн жол жүріп, Кенесары ханның өміріне, оның жорық жолдарына қатысты көптеген деректерді жинаған. Кейін осы сапар негізінде кітап жарық көрген.
Бұл – жай ғана демеушілік емес. Бұл – ұлт тарихын тануға деген жауапкершілік.
Өйткені тарихты зерттеу ғалымдардың ғана міндеті емес. Оған жағдай жасау, ізденушілерге қолдау көрсету, жинақталған деректерді кітап етіп шығару да үлкен азаматтық еңбек.
Біз өткенді білмей, болашақты дұрыс құра алмаймыз.
Ұлттың тарихи жады әлсіресе, оның рухани тұтастығы да әлсірейді. Сондықтан Кенесары хан сияқты азаттық жолында күрескен тұлғалардың өмірін зерттеуге жасалған әрбір қадамның маңызы зор.
Жанат Қасымның осы бастамасы оның меценаттық қызметінің ауқымы тек білім мен әлеуметтік көмекпен шектелмейтінін көрсетеді.
Адамның ең үлкен капиталы – адамгершілік
Жанат Қасымның өмір жолын сипаттағанда оның ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, талапшылдығы мен табандылығы да ерекше аталады.
Ол қандай іске кіріссе де, оны соңына дейін жеткізуге ұмтылатын азамат ретінде сипатталады. Адамдармен қарым-қатынаста достыққа берік, туыстыққа адал, айналасына қолдау көрсетуге дайын болуы да оның болмысының бір бөлігі.
Бұлардың бәрі бір адамның өмірінде кездейсоқ пайда болмайды.
Оның артында ата-бабадан жалғасқан тәрбие, қиын кезеңдерден өткен әулеттің өмір тәжірибесі, ауылдағы қарапайым тіршілік, спорттың берген шыдамдылығы және білімге деген құрмет жатыр.
Жанат Қасымның өмірінен бір қарапайым, бірақ маңызды қорытынды жасауға болады: адам өз мүмкіндігін тек өзі үшін пайдаланса, оның жетістігі жеке басының шеңберінен аспайды. Ал сол мүмкіндікті қоғам игілігіне жұмсаса, оның еңбегі елдің ортақ қазынасына айналады.
Бүгінгі қоғамға да осындай көзқарастағы азаматтар қажет.
Білімге жағдай жасайтын, жастарға сенетін, өнерді қолдайтын, тарихты құрметтейтін, туған жерінің дамуына үлес қосатын адамдар қажет.
Мұндай азаматтардың өмір жолын зерттеу – оларды мақтау үшін ғана емес, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру үшін маңызды.
Туған жерден басталған үлкен жол
Адамның өмірі – бір ғана адамның тарихы емес. Оның бойында ата-бабасының аманаты, туған жерінің тағдыры, өскен ортасының тәрбиесі, өзі өмір сүрген дәуірдің ізі жатады.
Жанат Қасымның өмір жолына үңілгенде де осыны көреміз.
Ол – қазақтың көне тарихы мен дәстүрі сақталған Атығай елінің ұрпағы. Мағжан жырлаған Сасықкөлге жақын өңірде өскен азамат. Соғыс пен қуғын-сүргіннің зардабын көрген әулеттің перзенті. Спорт пен еңбекке баулитын ауыл мектебінен өткен жан. Кейін білім беру ісіне, кәсіпкерлікке, меценаттыққа және қоғамдық бастамаларға араласқан тұлға.
Әрине, адамның өмір жолы тек өткен жетістіктермен өлшенбейді. Оның ел алдындағы жауапкершілігі де, алдағы уақытта атқарар ісі де маңызды.
Дегенмен бір нәрсе анық: адамнан кейін қалатын ең қымбат мұра – оның салған сарайы немесе жинаған байлығы емес. Ол – білім алған шәкірттері, қолдау көрген жастары, жарық көрген еңбектер, елге пайдасы тиген бастамалар.
Бір адамның қолынан шыққан игі іс мың адамның өміріне әсер етуі мүмкін.
Сондықтан Жанат Қасым туралы әңгіме – бір кәсіпкердің немесе бір меценаттың өмірбаяны ғана емес. Бұл – туған жерден алған тәрбиені ел игілігіне жұмсаудың, жеке мүмкіндікті қоғамдық жауапкершілікпен ұштастырудың бір көрінісі.
Тамырын ұмытпаған адам ғана биікке көтерілгенде қайдан шыққанын біледі. Ал қайдан шыққанын ұмытпаған азаматтың туған еліне деген құрметі де бөлек болады.
Туған жердің топырағынан басталған жол елге қызмет етумен жалғасса, сол жолдың мәні бар.
Баяжума Асылбек,
Жанат Қасымұлының шәкірті,
Саясаттанушы, журналист










