Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Павлодарлық археологтер қола дәуіріне жататын тарихи жәдігерлерді тапты

38

Археологиялық зерттеулер институты Көктас-2 археологиялық кешеніне жүргізген экспедиция барысында сирек кездесетін жәдігерлерді тапты. Соның бірі – біздің заманымызға дейінгі 13-8-ғасырлардың ортасындағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жататын найзаның ұшы.

Май ауданындағы Көктас археологиялық кешенінде екінші жыл қатарынан зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл мұнда 3,5 мың жылдық тарихы бар бірегей ғимараттар, мыс кені өндірілген және өңделген көне шахталар табылды. Бұл аймақта 20-дан астам қорған бар, олардың кейбіреуі сақ кезеңіне жатады. Жерлеу орындарын зерттеу барысында адам сүйектері, жануарлар, керамикадан жасалған ас үй ыдыстарының сынықтары, қоладан жасалған жебелердің ұшы табылды. Енді табылған жәдігерлер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді. «Бұл – Павлодар өңірі үшін бірегей олжа. Найзаның ұшы біздің заманымызға дейінгі 13-8 ғасырлардың ортасындағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жатады. Жалпы Марғұлан университетіне қарасты Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Ертіс-Баян өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және зерделеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп отыр», - дейді археологиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Асқар Әбілдин.Көктас археологиялық кешенінде қазіргі уақытта институттың ғылыми қызметкерлері Асқар Әбілдин, Елена Тушева, Талғат Айлыбаев бастаған археологиялық экспедиция жұмыс жүргізіп жатыр. Археологиялық зерттеулер институтының өкілі Еңлік Әбеуованың айтуынша, Май ауданындағы тарихи жерлер негізінен кейінгі қола және ерте темір дәуірлеріне жатады. 

«Ғалымдарымызбен бірге ол жерлерде университетіміздің 50-ден аса студенті қазба жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Бір жағынан жастар үшін үлкен тәжірибе болады. Табылған найзаның ұшы - ең жақсы сақталған жәдігердің бірі. Кезінде ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан Павлодар облысындағы көптеген жерлерге ғылыми тұрғыдан сипаттама беріп кеткен. Соның ішінде Баянауыл ауданы аумағында қаншама археологиялық орындар бар. Торайғырдағы сақ қорғандары, «Кемпіртас» маңайы біздің қызметкерлеріміз тұрақты зерттеу жүргізетін аумақтар. Шілде айының соңында Май ауданындағы жұмыстарымызды тәмамдап, Баянауылға қарай ойысамыз. Экспедиция мүшелері ол жақтан да олжалы қайтады деген үмітіміз зор. Мұнда ашық аспан астында мұражай құру және айналымға жаңа қызықты тарихи-мәдени көрнекті орын енгізу көзделіп отыр. Павлодар қаласы маңында Байдала қорымын зерттеу жалғасып жатыр. Онда Қимақ кезеңіне қатысты қызықты жерлеу орындары табылған болатын», дейді Еңлік Әбеуова.

Еске сала кетейік, Керекуден табылған «Қимақ күймесі» қалпына келтіріліп жатыр.