Munarmedia.kz 06.12.2025 / Астана Алматыда Ядролық физика институтында зерттеу мақсатындағы ядролық қондырғыларды жобалау және оларды қауіпсіз пайдалану тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шараға «Росатом Технологии Сооружения» компаниясының мамандары қатысып, саланың өзекті мәселелері мен заманауи зертханалық инфрақұрылым құру тәжірибесін бөлісті.
Семинар аясында екі ел арасында маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, көпмақсатты зерттеу реакторы жобасы бойынша бірлескен жұмысты бастау жөніндегі меморандумға, сондай-ақ Қазақстан аумағында Ядролық ғылым және технологиялар орталығын құру туралы келісімге қол қойылды.
Жаңа орталықтың мақсаты — материалтану, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында ядролық технологияларды бейбіт мақсатта дамыту, ғылыми кадр даярлау және заманауи зертханалық базаны күшейту.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанның ядролық ғылымдағы әлеуетін арттырып, жоғары технологиялық зерттеулерді жаңа деңгейге шығарады әрі екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтады.