Қазақстанда 130 көлеңкелі криптобиржа жабылды

30

Munarmedia.kz 17.10.2025 /Астана/ Қаржы мониторингі агенттігі ел аумағында криптовалюта арқылы заңсыз кіріс жымқыруға қарсы кең көлемді операция жүргізді. Тергеу нәтижесінде 130 жасырын криптоайырбастау алаңының қызметі тоқтатылып, 16,7 миллион АҚШ долларына тең USDT активі бұғатталды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.

Қарапайым, бірақ қауіпті схема: интернет-алаяқтар мен есірткі сатумен айналысатындар тапқан қаражатын криптовалютаға айналдырып, оны түрлі күмәнді айырбастау платформалары арқылы айналымға енгізеді. Қылмыстық жолмен келген қаражат бірнеше транзакция арқылы «тазаланып», соңында қолма-қол ақшаға айналады. Мұндай операциялар көбіне үшінші тұлғалардың атындағы банк карталары арқылы жүзеге асады.

Агенттіктегілер мұндай қызмет көрсететін орындарды ашық түрде «қаржылық жуу машиналары» деп атады. Азаматтарға тек лицензиясы бар, заңды криптоплатформаларды пайдалануға кеңес берілді. Олардың ресми тізімі АХҚО (МФЦА) сайтында жарияланған. Ал көлеңкелі нарықпен байланыс – қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.