Қазақстанда 2026 жылдан бастап Ұлттық тауар каталогы іске қосылады

27

Munarmedia.kz 03.12.2025 / Астана / Келер жылдың басынан бастап елімізде тауарларға қатысты ақпаратты біріктіретін жаңа цифрлық жүйе – Ұлттық тауар каталогы жұмысын бастайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін бұл база заңды түрде сатуға рұқсат етілген барлық өнім туралы мәліметті қамтып, әр тауарға бірегей NTIN коды берілмек. Бұл код өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мемлекеттік саясат қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашевтің айтуынша, жаңа каталог — міндетті емес, ұсыныстық сипаттағы жүйе. Яғни, тауардың базада болмауы оны сатуға кедергі келтірмейді және сертификаттау рәсіміне әсер етпейді. Оның сөзінше, Қазақстанда сатылымға шығатын барлық өнім заң мен ЕАЭО техникалық регламенттері талаптарына сай міндетті сапа және қауіпсіздік тексеруінен өте береді.

Ұлттық тауар каталогы бизнес өкілдеріне де, тұтынушыларға да өнім туралы деректерді анық әрі қолжетімді ету арқылы ашықтықты арттырып, нарықтағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.