Munarmedia.kz 05.11.2025 /Астана/-Қазақстанда алаяқтар онлайн-сервистер арқылы азаматтардың атынан несие рәсімдеу фактілері жиілеп барады. Бұл мәселені Мәжіліс отырысында депутат Николай Арсютин көтерді. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы қорғаныс жүйесі азаматтарды мұндай тәуекелдерден толық қорғауға қауқарсыз, сондықтан оны түбегейлі жетілдіру қажет.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Бұл жаңалық алаяқтық несиелерді сотқа жүгінбей-ақ есептен шығару тәртібін қарастырады.
«Егер несие клиенттің келісімінсіз рәсімделген болса және ол биометриялық растаудан өтпегені дәлелденсе, онда бұл қарызды сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығаруға болады. Ол үшін азамат құқық қорғау органдарына өтініш беріп, несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгенін растайтын қаулы алуы қажет. Осы құжат негізінде банк борышты есептен шығарады», – деді Әбілқасымова.
Агенттік мәліметінше, соңғы екі жылда банктер шамамен 1 400 азаматтың 1 500-ге жуық несиесін есептен шығарған. Жалпы сомасы – 1,9 миллиард теңге. Бұл шешімдер жәбірленушілердің жеке өтініштері мен тергеу органдарының қорытындылары негізінде қабылданған.
Алайда кейбір жағдайларда алаяқтар қолданған жалған биометрия несиені рәсімдеу фактісін дәлелдеуді қиындатқан. Мұндай кезде азаматтар қарызды алаяқтық деп тану үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Жаңа ұсынылған механизм несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгені толық дәлелденсе, оны міндетті түрде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығаруды көздейді. Бұл ретте реттеуші орган Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тиісті регламентті келісіп отыр.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл бастама қаржы институттарының жауапкершілігін арттырып, азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтеді. Сонымен бірге, онлайн-қарыз алу жүйесінде биометрия мен көпфакторлы аутентификацияны жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасады.