Munarmedia.kz 02.02.2026 /Астана/-Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Ұлттық банк және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, бірқатар банктердің трансшекаралық операцияларына тексеру бастады. Бұл туралы Exclusive.kz сайты ҚНРДА баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік тексеруге қай банктердің тартылғанын нақтыламады.
«Жекелеген банктердің трансшекаралық операцияларына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен сауалдарға байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келесіні хабарлайды. Осы мәселелерді қарау үшін белгіленген тәртіппен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің қатысуымен бірқатар банктердің трансшекаралық операцияларына тексеру бастамашыл етілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 28 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы көршілес елден Қазақстандағы бір банктің арқылы басқа мемлекеттерге 7 трлн теңгеден астам қаражат «айдалғанын» мәлімдеген болатын.
Мемлекет басшысы бұл дерекке қатаң баға беріп, мәселенің аса өзекті екенін атап өтті.
«Заң тұрғысынан да, экономика, тіпті саясат тұрғысынан алғанда да бұл — меніңше, сорақы дерек. Өкінішке қарай, алаяқтық қаржылық схемаларға қатысты мұндай фактілер әлі де аз емес. Бұған дейін айтқанымдай, олар әлеуметтік салаға дейін жетті. Мемлекеттік қаржыны талан-таражға салу, ашық айтқанда, ұрлау көлемі адам ақылына сыймайды», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Depositphotos.com