Қазақстанда мобильді аударымдар тексерілуде: бақылауға 115 мың азамат ілікті

58

Munarmedia.kz 18.06.2026. ASTANA – Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты бақылау күшейтілді. Қаржы министрлігі екінші деңгейлі 10 банкпен бірлесіп, 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына талдау жүргізді.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, тексеру барысында 115 мың азаматтың шоттары назарға алынған. Олар есепті кезеңде жалпы көлемі шамамен 1 триллион теңгені құрайтын қаржы аударымдарын жүзеге асырған.

Ведомство дерегіне сәйкес, ең ірі сома жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға тиесілі. Атап айтқанда, шамамен 67 мың адам 670 миллиард теңге көлемінде қаражат алған.

Сонымен қатар бақылау барысында 7,8 мың шетелдік азамат немесе резидент емес тұлғалардың есепшоттарына түскен қаражат анықталып, бұл бағыт бойынша мониторинг күшейтілді.

Ал жеке кәсіпкерлердің шоттарына түскен мобильді аударымдардың жалпы көлемі шамамен 200 миллиард теңгені құрады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, аталған аударымдарды алған азаматтардың барлығына түсініктеме беру үшін арнайы хабарламалар жолданған. Министр Мәди Такиев олардың арасында курьерлік қызметпен айналысатындар мен такси жүргізушілерінің де көп екенін атап өтті.

Мемлекеттік органдар мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі мақсаты көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстардың заңнамаға сәйкес декларациялануын қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.

#Қазақстан #МобильдіАударым #ҚаржыМинистрлігі #МәдиТакиев #Салық #Бақылау #Банк #Экономика #Munarmedia #ASTANA