Қазақстанда несие берудің жаңа ережелері қашан енгізіледі
Агенттік басшысы 19 маусым күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын атап өтті.
«Заң қабылданғаннан кейін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді екі ай ішінде әзірлеп үлгеруіміз керек. Қазір Ұлттық банкпен бірлесіп жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша түзетулерді реттеп жатырмыз, алдағы екі аптада толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Пайыздық мөлшерлеме банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін екі түрлі болуы мүмкін. Агенттікке онлайн несие беретін ұйымдар өз тәуекелдерін айтып, пайыздың жоғары болғанын сұрап отыр», - дейді ол.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, екі аптадан кейін кредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгілі болады. Айтуынша, қазіргідей 56 пайыз емес, жаңа жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 44 процент болуы мүмкін.
Банктердің кепілсіз беретін тұтынушылық несие сомасы да өзгеруі мүмкін. Яғни, кредит көлемі - 8 миллион 122 мың теңгеден аспауы ықтимал. Ал шағын кредиттік ұйымдар үшін қарыздың шегі - 4 миллион 61 мың теңгеден көп болмауы тиіс. Бұл жыл сайын өзгеретін айлық есептік көрсеткішке тікелей байланысты.