Қазақстанда жұмысшыларға 882 миллион теңге жалақы төленбеген

66



Munarmedia.kz. 11.07.2025 ж. /Астана/-2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 2 100 қызметкерге жалпы сомасы 882 миллион теңге жалақы уақтылы төленбеген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Жалақы бойынша берешек 92 кәсіпорында тіркелген. Сонымен қатар, шілде айының басында республика көлемінде еңбек құқықтарының 3 600-ге жуық бұзылуы анықталған.

Заңбұзушылықтарға жол берген кәсіпорын басшыларына 1 951 нұсқама беріліп, олар жалпы сомасы 233 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек инспекциясы мен өзге де уәкілетті органдардың араласуының арқасында, сондай-ақ берешекті өтеудің нақты кестесін енгізу нәтижесінде 2 000 қызметкерге 755 миллион теңге көлемінде жалақы төленді.

Еңбек құқықтарының бұзылуы негізінен тікелей еңбек қатынастары саласында тіркелген. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бағытында 616 заңбұзушылық анықталса, жұмыспен қамту саласында жиырмаға жуық дерек тіркелген. Жалпы алғанда, мемлекеттік бақылау шараларының нәтижесінде 21 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды.