«Қазақстандық газ Оренбургке жеткізілмей тұр: дрон шабуылынан кейін Ресей зауыты шикізат қабылдауды тоқтатты»

28



Munarmedia.kz. 21.10.2025 /Астана/ Оренбург қаласындағы газ өңдеу зауыты Украина Қарулы күштерінің дрондармен жасаған шабуылынан кейін Қазақстаннан келетін шикізатты қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Қазақстанның Энергетика министрлігі.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, зауыт Карачаганак кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатқан, алайда Қазақстандағы газ тасымалы ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып отыр.

Бұған дейін Ресейдің Самара облысындағы «Роснефть» компаниясына қарасты Новокуйбышев мұнай өңдеу зауыты да 19 қазан түнгі дрон шабуылынан кейін мұнай өңдеуді тоқтатқаны хабарланған. Бұл зауыт Қазақстаннан шамамен 300 км қашықтықта орналасқан.

Қазақстандық энергетикалық сарапшы Олжас Байдильдинов атап өткендей, екі ресейлік нысанға жасалған шабуылдар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

«Украиналық күштердің мұнай және газ инфрақұрылымына шабуылдары қазірдің өзінде Қазақстандық компаниялар мен тұтынушылардың шығындарына әсерін тигізуде. Оренбург ГПЗ — тек «Газпромның» мәселесі сияқты көрінгенімен, зардаптарды жою, жабдық сатып алу, жұмыс тоқтап қалу — бәрі тарифке әсер етеді және біздің шығындарымызға әсер етпей қалмайды. Ал күзгі-қысқы кезеңде энергетикалық ресурстар тапшылығы тіпті айтарлықтай болуы мүмкін», – дейді ол.

Байдильдиновтің есептеуінше, Оренбург ГПЗ-дегі дрон шабуылынан кейінгі зардаптарды жоюға кемінде 3–4 апта қажет. Сарапшының пікірінше, бір ай ішінде барлық тарапқа келетін жалпы шығын $200 млн-нан асады (шикі газдың «жоғалған» құнын есептемегенде).

«Мұнай саламызда осындай «штаттық режим». Ал бізге Украинамен осындай дипломатиялық қатынастар қажет пе?» – деп ой қорытады сарапшы.

Бұл оқиға Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, шикізат тасымалы мен тарифтерге қатысты маңызды сұрақтарды көтеріп отыр.