Қазақстаннан шамамен 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде криптовалюта заңсыз шығарылған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін елде цифрлық активтерді заңды түрде реттейтін айқын құқықтық база болмаған, сол себепті мұндай операциялар бақылаусыз жүзеге асқан.
«Бұрын бұл салада реттеу жүйесі болмағандықтан, адамдар заңға сай инвестиция жасай алмады. Қазір тиісті тетіктер әзірленіп, қолданыла бастайды. Сонымен қатар, қаржыны заңсыз шетелге шығарғандарға **қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр», — деді Шолпанқұлов.
Журналистер бұған дейін шығарылған $15 миллиардтың ізі байқала ма? деп сұрағанда, ол бұл қаражат әзірге көзден таса екенін, бірақ заманауи технологиялар арқылы криптоәмияндардағы қозғалыстарды бақылауға болатынын атап өтті.
«Біз халықаралық мониторинг жүйелеріне қосылған кезде, кім, қайда және қанша қаражат аударғанын анықтай аламыз. Қажет болса, арнайы брифинг өткізіп, нақты есімдер мен сандарды жариялаймыз», — деді ол.
Сондай-ақ, Ұлттық банк цифрлық активтерді заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған кешенді өзгерістерді әзірлеп жатқанын хабарлады. Бұл өзгерістер екі негізгі бағытты қамтиды:
-
Цифрлық қаржы активтерінің айналымына құқықтық негіз қалыптастыру — олардың мәртебесін нақтылау;
-
Қамтамасыз етілмеген криптовалюталарды реттеу — криптовалюта айырбастау қызметін ұсынатын компанияларды лицензиялау.