2025 жылдың алғашқы үш айында Ресейден Қазақстанға жеткізілетін сыра көлемі айтарлықтай көбейді — шамамен 1,5 есеге. Сонымен бірге, ресейлік шарап импорты да өсуін жалғастырды.
Ресейлік «Прайм» агенттігінің мәліметінше, қаңтар–наурызда Ресей Қазақстанға 6,3 миллион долларлық сыра экспорттап, еліміздегі сыра нарығындағы үлесін 64%-ға дейін жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайыздық өсім. Айта кетерлігі, Германиядан әкелінетін сыраның үлесі небәрі 5%, Чехиядан — 2% ғана. Қазақстан нарығында сонымен қатар Болгария, Грузия және Мексика сияқты елдердің жеңіл алкогольдік өнімдері де бар.
Ресейдің шарап нарығындағы үлесі әлдеқайда аз — бар-жоғы 3%. Биылғы жылы шарап импорты 4,6%-ға өскенмен, негізгі үлесті Грузия (24%) мен Италия (20%) алады.
Ресей өнімдерінің нарықта көбеюіне «Балтика» сырасының Қазақстанға ресми түрде қайта енгені әсер етті. Бұл — Ресейдегі ең танымал сыра брендтерінің бірі. 2024 жылғы қарашада Galanz Bottlers компаниясы мен «Балтика» ресми импорттаушысы «Trade SA» Қазақстанда өнімді тарату туралы келісімге қол қойған болатын. Сол келісімнен кейін ресейлік өнімдер көбірек жеткізіле бастады.