Қазақстанда салынатын үш жылу электр орталығының (ЖЭО) жобасына қатысты Ресей тарапынан қаржыландыру мәселелері туындады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Вице-премьердің айтуынша, қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда ресейлік тарап жабдықтарды сатып алуға арналған пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша қиындықтарға тап болған.
«Иә, жабдыққа қатысты пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесінде қиындықтар бар. Қазір бұл мәселені шешу бағытында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Дегенмен жобалау және дайындық жұмыстары, әсіресе Көкшетауда, тоқтатылмайды», — деді Роман Скляр.
Сондай-ақ ол, егер Ресей қаржы бөле алмаса, жобаның инвесторы ауысуы мүмкін екенін айтты. Бұл мәселе маусым айының соңына дейін шешілуі тиіс.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы қаңтарда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ресейлік тараптың қатысуымен үш жаңа ЖЭО салынатыны хабарланған болатын. Кейін Көкшетау ЖЭО-сының құрылыс орны Зеренді ауданына ауыстырылғаны белгілі болды.
Фото: Depositphotos