Қаңтардың басында АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл – Ақ үйден кетуге дайындалып жатқан Джо Байден әкімшілігінің «қоштасу сыйы» болмақ.
Санкциялар екі жүзден астам ұйымды, оның ішінде «Газпромнефть» құрылымдарын да қамтыды. Солардың бірі – ресейлік корпорацияның еншілес ұйымы «Газпромнефть-Казахстан». Бұл компания Қазақстанның ірі қалаларында 78 жанармай құю станциясынан тұратын жеке желіге ие.
Экономист Ануар Бахытхановтың айтуынша, «АҚШ-тың „Газпромнефть-Казахстан“ компаниясына қарсы санкциялары еліміздің жанармай нарығына елеулі әсер етуі мүмкін. Бұл желі ірі ойыншылардың бірі болғандықтан, санкциялар компанияның жұмысына шектеу қойса, жанармай жеткізілімінде ақаулар болып, бағаның өсуіне әкелуі ықтимал».
Ресейлік «Газпромнефть» компаниясының барлық еншілес ұйымдары автоматты түрде АҚШ-тың блоктаушы санкцияларының тізіміне енеді. Бұл Қазақстан үшін екінші деңгейлі санкциялардың нысанасына айналу қаупін тудырады. Ең ықтимал салдарының – жанармай тапшылығы немесе бензин бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.