Салық комитетінің төрағасы сотта айыпты деп танылды

33

Munarmedia.kz 22.10.2025 /Астана/-Астанадағы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сот Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевке қатысты істі қарады. Себеп – Әділет министрлігінде тіркелмеген бұйрықты пайдалану.

Іс бойынша мәліметті «Kozachkov offside» Telegram-арнасы жариялаған. Ондағы дерекке қарағанда, Қаржы министрінің «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгісі бар құпия бұйрығы негізінде салық органдары кәсіпкерлерді тексерген. Алайда бұл құжат әділет органдарында тіркелмегендіктен, заңды күші жоқ болып шыққан.

Соған қарамастан, КГД сол бұйрыққа сүйеніп, бизнеске тексеріс жүргізуді жалғастыра берген.
Бәрі тек биылдың алғашқы жартысында ашылды — бірқатар компаниялар тексерудің заңдылығына шағым түсірген кезде.

Сот дауының нәтижесінде бұйрық жойылып, Астана қаласының Арнайы ауданаралық әкімшілік соты Үкімет атына екі жеке қаулы жолдап, мұндай заңбұзушылықтарды жоюды талап еткен.

Кейін Әділет министрлігі ҚР ӘҚБтК-нің 457-бабы бойынша («Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тәртібін бұзу») әкімшілік хаттама толтырған.
Алайда Жандос Дүйсембиев хаттамаға қол қоюдан бас тартып, істің сот арқылы қаралуын талап еткен.

Сот шешімі анық: Дүйсембиев тіркелмеген бұйрықты қолданған, яғни заң бұзған.
Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 78 640 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Парадокс сол — бұл іс тек бір адамның емес, жүйелі заңсыздықтың айнасы болып отыр.
Мемлекеттік аппараттың ішінде «құпия бұйрықтар» арқылы жұмыс істеу әлі де тоқтамағаны анық.
Ал бұл жолғы айыппұл — жүйеге тағылған ең шағын үкім ғана.