Munarmedia.kz | 19.06.2026 | ASTANA– Соңғы онжылдықта әлемдегі барланған уран қоры 25 пайыздан астам ұлғайды. Бұл туралы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ядролық энергетика агенттігі (NEA) мен Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бірлескен есебінде айтылған.
Есепке сәйкес, әлемдік уран қоры негізінен бірнеше мемлекетте шоғырланған. Бұл ретте ең ірі қор Австралияға тиесілі. Елдің үлесі дүниежүзілік белгілі уран қорының төрттен бірінен асады.
Уран қоры бойынша әлемде екінші орында Қазақстан тұр. Сарапшылардың бағалауынша, еліміз жаһандық атом энергетикасы нарығындағы негізгі стратегиялық ойыншылардың бірі саналады. Қазақстан ұзақ жылдар бойы табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында келеді.
Мамандардың пікірінше, атом энергетикасына деген сұраныстың артуы және көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған халықаралық бастамалар уран ресурстарына деген қызығушылықты күшейтіп отыр. Осыған байланысты көптеген мемлекеттер ядролық энергетиканы энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде қарастыруда.
Халықаралық ұйымдардың дерегінше, жаңа геологиялық барлау жұмыстары мен кен орындарын зерттеу нәтижесінде соңғы жылдары әлемдегі анықталған уран қорының көлемі айтарлықтай артқан.
#Уран #Қазақстан #АтомЭнергетикасы #МАГАТЭ #NEA #ЯдролықЭнергетика #УранҚоры #Munarmedia