Munarmedia.kz, Астана — 2025- Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы даулы жер теліміне қатысты ұзақ жылдар бұрын жасалған келісімшарт заңсыз деп танылды. Сот шешімімен Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Казахтрансстрой» компаниясы арасында 2006 жылы жасалған жер сату мәмілесі жарамсыз деп танылып отыр. Бұл туралы Жер ресурстарын басқару департаменті бастамасымен қозғалған сот процесінен кейін белгілі болды.
Мәміле қалай жасалды?
2005 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен Чернышевский көшесі, 2 мекенжайындағы 0,0851 гектар жер телімі «көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану» мақсатында сатуға шешім шығарған. 2006 жылдың қаңтарында сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Казахтрансстрой» ЖШС арасында 732 мың теңгеге сату-сатып алу келісімшарты жасалды.
Прокуратураның араласуы
Арада 18 жылдан кейін, 2024 жылы Түрксіб аудандық прокуратурасы бұл келісімге назар аударып, онда заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Прокуратура Жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс жолдап, 2005 жылғы әкімдік қаулысын, 2006 жылғы сату-сатып алу келісімін және кейінгі барлық мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етті.
Сот барысы және айыптаулар
Іс Алматы әкімдігіне, «Казахтрансстрой» ЖШС-не және қазіргі меншік иесі Денис Колесниковке қарсы қозғалды. Колесников аталған жерді 2024 жылы қабылдап алу-қабылдау актісі арқылы иеленген.
Жер ресурстарын басқару департаментінің мәлімдеуінше, бастапқы мәміле жасалған кезде заң бұзушылықтар орын алған: даулы жер телімінде сол кезде жатақхана тұрған, оның бір бөлігі жекешелендірілген, ал жер ғимаратсыз сатылған. Бұл — жер заңнамасына қайшы.
Сот барысында ТОО «Казахтрансстрой» мен Денис Колесников талап мерзімі өтіп кеткенін алға тартып, істі тоқтатуды сұрады. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп тауып, талап қою мерзімі әлі аяқталмаған деген қорытындыға келді.
Сот шешімі қандай?
Сот Алматы әкімдігінің 2005 жылғы қаулысын және 2006 жылғы сату-сатып алу келісімшартын жарамсыз деп таныды. Осылайша, Иманғали Тасмағамбетов қол қойған мәміле күшін жойды.
Материалды дайындаған: Munarmedia.kz
Фото: ашық дереккөздерден