Munarmedia.kz 19.01.2026 /Астана/-Атырау облысындағы стратегиялық маңызы бар Теңіз және Королев кен орындарында электрмен жабдықтау жүйесіндегі ақауларға байланысты мұнай өндіру уақытша тоқтатылды. Бұл туралы салалық дереккөздер хабарлады.
Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні таңертең «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының өндірістік нысанында алдымен бір, артынша екінші электр трансформаторы өртенген. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, оқиға орнынан 473 адам эвакуацияланды. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Алайда өрт салдарынан кәсіпорынның электрмен қамту жүйесінде айтарлықтай іркіліс туындап, соның нәтижесінде Теңіз және Королев кен орындарындағы мұнай өндіру процесі уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Қазіргі таңда техникалық қызметтер апат салдарын жою және энергиямен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайдың маңызы айрықша. Өйткені «Теңізшевройл» Қазақстандағы жалпы мұнай өндірісінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді. Тиісінше, өндірістегі кез келген іркіліс елдің мұнай-газ саласына ғана емес, экспорттық көрсеткіштер мен бюджет кірістеріне де әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта өндірісті қалпына келтіру мерзімі нақтыланбаған. Компания өкілдері жағдай толық бақылауға алынғанын және қауіпсіздік мәселесі басты басымдық болып қала беретінін мәлімдеді. ТШО тарапынан қосымша ресми ақпарат жақын уақытта жариялануы тиіс.
Энергетикалық инфрақұрылымдағы бұл оқиға Қазақстанның ірі өнеркәсіп нысандарындағы технологиялық қауіпсіздік пен резервтік жүйелердің маңызын тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.