Ұлттық қордан жұмсалған қаражат түсімнен 65 пайызға көп болды

46

Munarmedia.kz.23.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылғы Ұлттық қор қаражатының қалыптасуы мен пайдаланылуына қатысты есебін жария етті. Құжатта елдің «мұнайлық жинақ қорынан» түскен түсімге қарағанда шығынның әлдеқайда көп болғаны көрсетілген.

Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылдың соңына қарай Ұлттық қордың активтері 66,2 млрд АҚШ долларын құрады. Жыл ішіндегі инвестициялық табыс көлемі 4,6 млрд доллар (немесе 7,59%) болды. Бұл өсім активтерді әртараптандыру есебінен қамтамасыз етілген. Ең көп пайда әкелген – алтынға салынған инвестициялар.

Алайда қор активтерінің жұмыс істеуіне қарамастан, Ұлттық қордағы нақты қаражат көлемі азайып барады. Бұл республикалық бюджеттің тапшылығын жабуға жұмсалатын ірі көлемдегі трансферттермен байланысты. 2024 жылы Ұлттық қордан шыққан қаражат көлемі оған түскен түсімнен шамамен екі есе көп болды.

«Қордың валюталық активтерінің жалпы динамикасына 2024 жылғы ірі көлемдегі шығындар әсер етті – 6,3 трлн теңге мөлшерінде. Оның ішінде республикалық бюджетке тікелей трансферттер 5,6 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар, қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға 705 млрд теңге жұмсалды: 467 млрд теңге – „Қазатомпромның“ акцияларын сатып алуға, 238 млрд теңге – ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін „Самұрық-Қазына“ облигацияларын сатып алуға», – делінген Ұлттық банк есебінде.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы Ұлттық қорға мұнай секторынан небәрі 3,8 трлн теңге ғана түскен.

Сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы қазақстандық балалардың шоттарына 696 млн доллар аударылған.

Айта кетейік, біз бұған дейін 2025 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттің 60 пайызы игеріліп қойғанын хабарлаған болатынбыз.