Munarmedia.kz-26.11.2026ж/Астана/-Белгісіз хакерлер АҚШ-тың бірнеше арнайы қызметінің компьютерлік жүйесіне заңсыз кірген. Шабуылға Орталық барлау басқармасы (ЦРУ), Ұлттық барлау директорының кеңсесі (ODNI) және Ұлттық геокеңістіктік барлау агенттігі (NGA) секілді мекемелердің желілері ұшыраған. The New York Times басылымының хабарлауынша, киберқылмыскерлер кейбір деректерге қол жеткізген.
Шабуыл жасалған жүйе ашық дереккөздердегі ақпаратты, соның ішінде коммерциялық спутниктер түсірген суреттер мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды талдайды. Бұл мәліметтер мемлекеттік құпияға жатпағанымен, олардың сыртқа шығуы АҚШ барлауының қай елдерге, аймақтар мен қақтығыстарға басымдық беріп отырғанын аңғартуы мүмкін.
ODNI өкілі Reuters агенттігіне аса маңызды функциялар мен құпия жүйелерге зиян келмегенін хабарлаған. Ал ЦРУ түсініктеме беруден бас тартты. Associated Press мәліметінше, жүйедегі осалдық жойылған.
Nextgov басылымы шабуыл кезінде Қытайда жасалған Artex жасанды интеллект қосымшасы пайдаланылуы мүмкін екенін жазды. Бұл бағдарлама бұған дейін Еуропалық комиссияның жүйелеріне жасалған кибершабуылмен де байланыстырылған. Дегенмен, аталған қосымшаның қолданылуы шабуыл артында қытайлық хакерлер тұр дегенді білдірмейді.
Сонымен қатар АҚШ-тың қаржылық қылмыстармен күрес жөніндегі FinCEN қызметі де өз жүйелеріне рұқсатсыз кіру әрекеті анықталғанын хабарлады. Осыдан кейін мекеме күмәнді қаржылық операциялар туралы хабарламаларды қабылдайтын платформаны қоса алғанда, ақпараттық жүйелерінің бір бөлігін уақытша ажыратқан.
Әзірге екі кибершабуылдың өзара байланысы бар-жоғы белгісіз.
#АҚШ #кибершабуыл #ЦРУ #хакерлер #киберқауіпсіздік #Munarmedia





